Жарылыстан 1985 жылы туған екі жұмысшы қаза тапты. Ал, үш адам әртүрлі дене жарақатын алып, медициналық көмекке жүгінген. Бұл деректі Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Теңіз кен орнындағы жарылыс бүгін, 6 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 09:55 шамасында болған.
Бейресми деректерге сүйенсек, кен орнындағы атмосфералық газы бар құбырда гидротест жүргізілген. Қысымға төтеп бере алмаған құбыр жарылып кеткен.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 156-бабының 3-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Және тиісті органдар техникалық қауіпсіздік талабының сақталуына байланысты тексеруге кірісті. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Жарылыстың артынша Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов шұғыл жиын өткізген. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға «Теңізшевройл» ЖШС, ТЖД, ПД өкілдері мен жауапты басқарма басшылары қатысқан.
Облыс әкімі қаза тапқан азаматтардың отбасына көңіл айтып, қажетті материалдық көмек көрсетілетінін жеткізген. Қазіргі таңда апат болған аймақта гидротест жүргізу толығымен тоқтатылды.