Іс-шара Өңірлік экологиялық саммит аясында ұйымдастырылды. Пленарлық отырысқа Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Армения, Моңғолия, Грузия және Әзербайжан елдерінің басшылары мен Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдері қатысты. Жиында мемлекетаралық экологиялық мәселелер талқыланды.

Саммит аясында ұлттық павильондар, B2B кездесулер, панельдік сессиялар мен стартап байқаулар ұйымдастырылып, инвестициялық келісімдер жасалды. Шараға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, инвесторлар, бизнес өкілдері мен сарапшылардан құралған шамамен 1500 делегат қатысты.
Халықаралық көрмеде 30 елден келген 300-ден астам компания жасыл энергетика, су ресурстарын тиімді пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу және «ақылды қала» бағытындағы инновациялық жобаларын ұсынды.
Алматы облысының павильонында өңірде өндірілген экологиялық таза өнімдер таныстырылды. Олардың қатарында Frutto, Sydyk және Arba Wine сияқты кәсіпорындар бар.
Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуеті де кеңінен насихатталды. Саммит қонақтарына Oi-Qaragai Mountain Resort және Aikan Resort жобалары таныстырылып, олардың заманауи инфрақұрылымы мен қызмет көрсету мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, «RES EXPO – 2026» көрмесі өңірді халықаралық деңгейде танытуға зор мүмкіндік беріп отыр.
«Алматы облысы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инновациялық жобаларды ұсынып отыр. Қалдықтарды өңдеу, табиғи өнім өндіру және туризм бағыттарына ерекше назар аударылған. Өңірдің бұл салалардағы әлеуеті өте жоғары», – деді ол.
Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдауымен ұйымдастырылған экологиялық саммит Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Үш күнге созылатын шараға 20 мыңнан астам қатысушы келеді деп күтілуде.






