Бақылаушылардың айтуынша, ауылда барлығы 103 үй ғана бар екенін ескерсек, бұл – тұрғындардың жоғары ұйымшылдығы мен белсенділігін көрсететін жақсы көрсеткіш.
Ауыл тұрғыны Келтай Шаяхметовтың айтуынша, Қоскүдік халқы ежелден ауызбіршілігімен ерекшеленеді. Елді мекен кезінде теміржол станциясы ретінде құрылғандықтан, мұнда бірнеше ұрпақ бойы теміржол саласында еңбек етіп келе жатқан отбасылар бар.
«Қоскүдік ауылының тұрғындары әрдайым ұйымшыл. Біздің отбасымыз да бірнеше буыннан бері теміржол саласында жұмыс істейді. Осы жолы өз көшімізде тұратын 25 көршімізбен алдын ала келісіп, референдумға бірге қатысуды ұйғардық. Мемлекет болашағы айқындалатын осындай маңызды сәтте шетте қалғымыз келмеді. Біздің бастамамызды көршілер бірден қолдап, бәріміз бірге келіп дауыс бердік», – деді ол.
Тұрғындардың айтуынша, мұндай бастамалар ауылдағы бірлікті нығайтып қана қоймай, жастарға да жақсы үлгі болады.




