Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, «әскерде болмаған 27 жастан асқан барлық қазақстандық әскери қайта даярлауға жіберіледі» деген ақпарат контекстен жұлынып алынып, дұрыс түсіндірілмеген.
Ведомство Ғани Артықовтың мәлімдемесі Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңындағы әскери жиындарға шақыру тәртібіне қатысты болғанын айтады.
«Заңның 33-бабына сәйкес, әскери жиындарға запаста тұрған әскери міндеттілер шақырылады. Мұндай жиындар жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын сақтау мақсатында жыл сайын жоспарлы түрде өткізіледі», – деп түсіндірді министрлік.
Қорғаныс министрлігі 27 жасқа толып, мерзімді әскери қызмет өтпеген азаматтар автоматты түрде әскери қайта даярлауға жіберілмейтінін нақтылады.
Сонымен қатар, азаматтардың Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептерінде ерікті түрде ақылы негізде даярлықтан өте алатыны айтылды. Оқу мерзімі 40 күнді құрайды. Оқу аяқталған соң әскери-есептік мамандық беріледі.
Министрлік қазақстандықтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған ақпарат таратпауға шақырды.





