Қазіргі таңда вокзал ғимаратындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Нысанның сыртқы келбеті толық қалыптасып, ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді іске қосу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Нысан басында өткен көшпелі кеңес барысында облыс әкімдігі, Қазақстан темір жолы және мердігер ұйымдардың өкілдері жобаның орындалу барысы жөнінде есеп берді.
Мамандардың мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстарының 93 пайызы аяқталған. Қазір сыртқы электр және газ желілерін қосу, сондай-ақ ғимаратты жиһазбен және заманауи кеңсе техникасымен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Вокзал ғимаратының қабырғалары толық тұрғызылып, шатыр жабылған. Су құбыры, кәріз, жылыту және желдету жүйелері орнатылған. Сонымен қатар жолаушылар платформасының құрылысы да толық аяқталған.
Жалпы аумағы 503,8 шаршы метр болатын нысанды биылғы маусым айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жиын барысында Алматы облысындағы өзге де теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарының барысы қаралды. Атап айтқанда, Қазыбек бек (Ұзынағаш) және Шамалған вокзалдарының дайындығы 99 пайызға жетсе, Жетісу вокзалындағы жұмыстардың орындалуы 92 пайызды құраған.
Көлік министрі құрылыс қарқынына оң баға беріп, жауапты мекемелерге барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап, нысандарды уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.
«Жаңғыртылған вокзалдар жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс. Барлық жұмыстар сапалы орындалып, белгіленген мерзімде аяқталуы қажет» – деді Нұрлан Сауранбаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 124 теміржол вокзалын жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында вокзалдар заманауи инженерлік жүйелермен жабдықталып, күту залдары жаңартылып, сервистік қызмет көрсету сапасы жақсартылуда. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қатынауына жағдай жасау көзделген.
Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, өңірлер арасындағы көлік байланысын жақсартуға мүмкіндік береді. Ал Қонаевтағы жаңғыртылған вокзал өңір тұрғындары мен туристер үшін заманауи көлік инфрақұрылымының маңызды нысандарының біріне айналмақ.





