Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Жиналған жұрт майданда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев майдангерлерді мерекемен құттықтап, олардың соғыс жылдарындағы және тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін алғыс білдірді.
«Ардагерлеріміздің ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі. Олардың батырлығы мен Отанға деген адалдығы ешқашан ұмытылмайды», – деді өңір басшысы.
Мереке аясында Қонаев тұрғындары мен қонақтарына арнап дала асханасы ұйымдастырылып, қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен соғыс және соғыстан кейінгі жылдардың әндерінен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Ресми мәліметке сәйкес, соғыс жылдары майданға 1,2 миллион қазақстандық аттанған. Олардың 100 мыңнан астамы жауынгерлік орден-медальдармен марапатталып, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағын алған.





