Жарты ғасыр бұрын салынған нысан заман талабына сай қайта жаңартылып, жолаушыларға қолайлы жаңа инфрақұрылыммен жабдықталды.
1970 жылдары бой көтерген вокзал осы уақытқа дейін бір ғана рет күрделі жөндеуден өткен. Ал кешенді жаңғырту жұмыстары 2025 жылы басталып, жобаны «ҚТЖ» ұлттық компаниясы» АҚ жүзеге асырды.
Теміржол вокзалының ашылу салтанатына Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қатысып, нысанның қызыл лентасын қиды.
Қала басшысы жаңартылған вокзалдың өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызына тоқталды.
«Вокзалды жаңғырту – тұрғындардың жайлылығы мен қаламыздың дамуына бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба. Қонаевқа келген әрбір қонақтың қала туралы алғашқы әсері осы вокзалдан басталады. Сондықтан оның заман талабына сай болуы өте маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба өңірдің көлік әлеуетін арттыруға жаңа серпін береді. Осы іске үлес қосқан барша мамандарға алғысымды білдіремін», – деді Асхат Бердіханов.
Жаңғырту нәтижесінде вокзалдың жалпы аумағы 284 шаршы метрден 503 шаршы метрге дейін ұлғайды.
Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында кең күту залы, ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт және санитарлық тораптар қарастырылған. Сонымен қатар инженерлік желілер толық жаңартылып, вокзал аумағы заманауи жарықтандыру жүйесімен жабдықталды.
Бүгінде жаңартылған вокзал тәулігіне 5–6 жолаушылар пойызын қабылдайды. Ал «Қапшағай» стансасы арқылы 20-дан астам пойыз бағыты өтеді.
Алдағы уақытта Алакөлге қатынайтын жаңа теміржол бағытын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі туристік әлеуетті арттырып, тұрғындар мен демалушылар үшін қатынасты одан әрі жеңілдетеді.
Жоба тек вокзалмен шектелмейді. Жақын уақытта теміржол көпірін жөндеу жұмыстары да қолға алынбақ. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен туристердің қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, көлік қатынасының қолайлылығын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жаңартылған теміржол вокзалы – Қонаев қаласының көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Мамандардың айтуынша, жаңа нысан жолаушыларға сапалы қызмет көрсетумен қатар, өңірдің туристік және логистикалық әлеуетінің артуына да оң ықпал етеді.





