Бұл бастама жас спортшыларды ынталандырып қана қоймай, олардың салауатты өмір салтын ұстануына және жаңа жетістіктерге ұмтылуына серпін беруді көздейді.
Лагерьдің ашылу салтанатына Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қатысып, жас чемпиондарды жеңістерімен және жазғы демалыстың басталуымен құттықтады.
«Елдің ертеңгі жетістігі – бүгінгі сіздердей жас чемпиондардың қолында. Қонаев қаласында 20 мыңнан астам бала тұрады. Солардың ішінде қаламыздың абыройын асқақтатып, түрлі жарыстарда 100-ден астам медаль жеңіп алған спортшылар – біздің мақтанышымыз. Мұндай жетістіктер – жүйелі қолдау мен табанды еңбектің нәтижесі», – деді қала әкімі.
Сондай-ақ шаһар басшысы Қонаевта талантты жастарды қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
«Осы игі істің жүзеге асуына қолдау көрсеткен демеушілерге шынайы алғысымды білдіремін. Демалыстарыңыз қызықты әрі пайдалы өтсін. Жақсы тынығып, тың күш жинап, жаңа белестерді бағындыра беріңіздер!», – деді Асхат Бердіханов.
Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасып, балалар үшін ойын-сауық бағдарламалары, спорттық белсенділіктер мен түрлі байқаулар ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Күншуақ» балалар сауықтыру лагерінде жасөспірімдердің қауіпсіз әрі мазмұнды демалуына барлық жағдай қарастырылған. Лагерь аумағында жайлы жатын орындар, асхана, спорт және ойын алаңдары, бассейн мен жағажай жұмыс істейді.
Айта кетейік, «Болашақ чемпиондар лигасы» Қонаев қаласы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Биылғы турнирге футбол, волейбол және баскетбол спорт түрлері бойынша 72 командадан 2 мыңнан астам жас спортшы қатысты. Екі ай бойы жалғасқан жарыста үздік ойын көрсеткен қатысушыларға жазғы сауықтыру лагеріне жолдама табысталды.
Бұл бастама жас спортшылардың еңбегін лайықты бағалап қана қоймай, бұқаралық спортты дамытуға, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба ретінде бағалануда.





