Үш айға созылған оқу барысында сарбаздар теориялық біліммен қатар, практикалық дайындықтан өтті. Полигонда олар әскери техниканы түрлі бағыттарда басқаруды, кедергілерден өтуді және күрделі жол жағдайларында дұрыс әрі жедел әрекет етуді үйренді.
Дайындық кезінде әскери техниканы басқарумен қатар, оның техникалық жағдайын бақылауға, дұрыс қызмет көрсетуге және ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.
Оқу-жаттығу орталығында даярлықтан өткен 50 сарбаздың 30-ы БТР-80 бронетранспортерінің жүргізушісі біліктілігін алды. Тағы 20 әскери қызметші «Арлан» брондалған дөңгелекті машинасын басқаруды меңгерді.
Қатардағы жауынгер Айдос Фархаддиновтың айтуынша, үш айлық оқу сарбаздарға әскери техниканы басқаруды меңгеріп қана қоймай, күрделі жағдайда сенімді әрекет етуге мүмкіндік берген.
«Үш ай ішінде бронетранспортерді басқару дағдыларын меңгеріп қана қоймай, өз күшімізге деген сенімділігімізді арттырдық. Нұсқаушы сержанттардың кәсібилігінің арқасында әртүрлі жағдайда нақты әрі сабырлы әрекет етуді үйрендік», – деді Айдос Фархаддинов.
Оқу курсының қорытындысы бойынша орталық түлектеріне даярлықтан өткені туралы сертификаттар салтанатты түрде табысталды.
Енді жас мамандар Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелерінде қызметін жалғастырып, алған білімдерін тәжірибеде бекітеді және штаттық әскери техниканы басқару шеберлігін одан әрі жетілдіреді.





