Конституциялық соттың мәліметінше, жаңа Конституцияның қабылдануы – Қазақстанның конституциялық дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Осы күннен бастап 1995 жылғы Конституция өз күшін жойды.
Мемлекеттің негізгі қағидаттары кеңейтілді
Жаңа Конституцияда мемлекеттің қызметінің негізгі қағидаттары едәуір толықтырылды. Бұған дейінгі конституциялық құндылықтармен қатар, енді:
- егемендік пен тәуелсіздікті қорғау;
- адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
- заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету;
- жалпыұлттық бірлікті нығайту;
- халықтың әл-ауқатын арттыру;
- жауапты отаншылдықты қалыптастыру;
- қоғамдық диалогты дамыту;
- еңбекқорлық, білім мен прогресс құндылықтарын дәріптеу;
- экологиялық мәдениетті қалыптастыру;
- тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау сияқты бағыттар конституциялық деңгейде бекітілді.
Сонымен бірге Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлық сипаты, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны өзгеріссіз сақталды.
Адам капиталы мен инновацияға басымдық берілді
Жаңа Конституцияда алғаш рет мемлекеттің ұзақмерзімді стратегиялық даму бағыттары нақты айқындалды.
Атап айтқанда, адам капиталын дамыту, білім беру жүйесін жетілдіру, ғылым мен инновацияны қолдау Қазақстанның тұрақты дамуының басты негіздерінің бірі ретінде белгіленді.
Конституцияның үстемдігі күшейтілді
Конституциялық сот жаңа Ата заңның елдегі ең жоғары заңдық күші бар құжат екенін атап өтті.
Оған сәйкес барлық заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілер Конституция негізінде қабылдануға және оған қайшы келмеуге тиіс.
Сонымен қатар азаматтардың құқықтық жағдайын нашарлататын немесе жауапкершілікті күшейтетін заңдардың кері күшіне енуіне тыйым салу барлық мемлекеттік органдар үшін міндетті талап ретінде бекітілді.
«Қазақстан Халық Кеңесі» құрылды
Жаңа Конституцияға сәйкес елде алғаш рет «Қазақстан Халық Кеңесі» заң шығару бастамасы құқығына ие халықтың жоғары өкілді органы ретінде құрылды.
Бұл институт азаматтардың мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Сонымен бірге заң шығарушы биліктің жаңа моделі қалыптасып, мемлекеттік институттар арасындағы өкілеттіктер қайта бөлінді.
Адам құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілді
Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты бірқатар маңызды нормаларды бекітті.
Енді конституциялық деңгейде:
- ұсталған сәттен бастап адвокаттың көмегіне жүгіну құқығы;
- бостандықты шектеуге сот бақылауы;
- негізсіз ұстауға тыйым салу;
- үнсіз қалу және өзіне немесе жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы;
- кінәсіздік презумпциясы
әрбір адамның ажырамас құқықтары ретінде айқындалды.
Бұдан бөлек, мемлекет пен оның органдарының заңсыз әрекеттерінен келген залалды өтеу міндеті, зияткерлік меншік құқығын қорғау, дербес деректердің қауіпсіздігі және цифрлық құқықтарға қатысты кепілдіктер де Конституцияда алғаш рет көрініс тапты.
Конституциялық соттың өкілеттігі сақталады
Конституциялық сот жаңа Конституцияның күшіне енуімен бірге конституциялық бақылау функциясын жалғастырады.
Соттың негізгі міндеті – Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету, оның нормаларын бірыңғай түсіндіру және конституциялық құндылықтарды қорғау.
Конституциялық сот жаңа Ата заңның күшіне енуіне байланысты Қазақстан азаматтарын елдің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің басталуымен құттықтап, жаңа Конституция адамның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындайтынын атап өтті





