Әңгіме 2026 жылғы 24 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жөнінде болып отыр.
Автомектептер ІІМ бақылауына өтеді
Заңға сәйкес, жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарының қызметіне қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Енді жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган – Ішкі істер министрлігі автомектептердің қызметіне рұқсат беріп, олардың жұмысын бақылауға құзыретті болады.
Ведомствоның пікірінше, бұл жүргізушілерді даярлау сапасын арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Электросамокаттарға жаңа шектеу
Заңдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынуы.
Ішкі істер министрлігі мұндай шешім жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын атап өтті. Әсіресе, балалар үшін электросамокаттардың қозғалысы елеулі қауіп төндіретіні айтылды.
Министрлік келтірген мәліметке сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда электросамокат жүргізушілерінің кінәсінен 139 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 149 адам түрлі жарақат алған.
Тағы қандай өзгерістер енгізіледі?
Заң аясында жол қозғалысына қатысты тағы бірнеше маңызды өзгеріс қарастырылған.
Атап айтқанда, «Жол жүрісі туралы» заңнан елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлікті тұрақта қалдыруға қатысты тыйым алынып тасталады.
Сонымен қатар, жол қозғалысын автоматты түрде тіркейтін камералардың қолданылу аясы кеңейтіледі. Бұдан бөлек, Қазақстанда электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлері енгізіледі.
Ішкі істер министрлігі енгізілген өзгерістер жол қауіпсіздігін арттыруға, мемлекеттік бақылауды күшейтуге және жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталғанын мәлімдеді.





