Іріктеу қалай жүргізіледі?
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери міндеттілерді іріктеу жергілікті әскери басқару органдары арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте Қарулы күштердің нақты әскери-есептік мамандықтарға деген қажеттілігі ескеріледі.
Сонымен қатар кандидаттарды іріктеу кезінде олардың даярлық деңгейі, денсаулық жағдайы және заңнамада белгіленген өзге де талаптар назарға алынады.
Әскери міндеттілер оқу-жаттығу жиындарына арнайы шақырту арқылы шақырылады. Шақырту алған азаматтар көрсетілген уақытта белгіленген орынға келуге міндетті.
Ал шақырту талаптарын орындамаған азаматтарға Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайда бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 21 625 теңге айыппұл салынады.
Кімдер жиыннан босатылады?
Қолданыстағы заңнамада жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына шақырылмайтын азаматтар санаты нақты көрсетілген.
Олардың қатарына:
- оқу жылы кезінде жұмыс істейтін педагогтер;
- күндізгі бөлімде білім алып жүрген студенттер;
- кәмелетке толмаған үш және одан да көп баласы бар ата-аналар;
- сондай-ақ «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңда көзделген өзге де азаматтар жатады.
Қатысушыларға қандай әлеуметтік кепілдіктер беріледі?
Оқу-жаттығу жиындарының ұзақтығы бір айға дейін созылады.
Осы кезеңде әскери міндеттілер азық-түлікпен, киім-кешекпен және медициналық қызметпен толық қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар оқу-жаттығу өтетін орынға бару және кері қайту шығындарын Қорғаныс министрлігі өз мойнына алады.
Мемлекет тарапынан қатысушыларға бірқатар әлеуметтік кепілдіктер де қарастырылған:
- жұмыс орны мен атқаратын қызметі сақталады;
- жұмыс істейтін азаматтарға орташа айлық жалақы төленеді;
- жұмыссыз азаматтарға бюджет қаражаты есебінен ең төменгі жалақы беріледі;
- оқу-жаттығу жиынына қатысқан кезең жалпы еңбек өтіліне енгізіледі.
Жұмылдыру резервін күшейтуге бағытталған шара
Қорғаныс министрлігі жоспарлы оқу-жаттығу жиындары «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабының 1-тармағына сәйкес өткізілетінін атап өтті.





