Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, жоғары сынып оқушылары колледждегі құрбыларымен бірге 9-сынып оқушысына шабуыл жасаған. Оқиға 10 сәуір күні болған. Алдын ала ақпарат бойынша, жанжал қыздардың біріне айтылған сөзден кейін туындаған.
Жәбірленуші қызды топ болып ұрып-соғып, оны тізерлетуге мәжбүрлеген. Сондай-ақ болған жағдай видеоға түсірілген. Кейін қыз кешірім сұраған соң босатылып, ата-анасына хабарласқан.
Аталған оқиғаға қатысты Алматы облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта барлық мән-жай анықталып, процессуалдық тексеру жүргізілуде.
Екі жасөспірім профилактикалық есепке алынып, іс материалдары кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданған. Сонымен қатар төбелеске қатысқан қыздардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция оқиғаға қатысы бар басқа да тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.





