Биылғы додаға әлемнің 20 елінен 3000-нан астам спортшы қатысып, олардың өнеріне 10 мыңнан астам көрермен куә болды.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, OCEANMAN QAZAQSTAN бүгінде Орта Азиядағы ашық суда жүзуден өтетін ең ірі халықаралық жарыстардың біріне айналған.
Қапшағай халықаралық спорт алаңына айналды
Қазақстанда бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған фестивальге кәсіби спортшылармен бірге әуесқой жүзушілер, балалар, ардагерлер және ерекше қажеттілігі бар азаматтар қатысты.
Қатысушылар бес қашықтық бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, спортшылар OCEANMAN (10 км), HALF OCEANMAN (5 км), SPRINT (2 км), OCEANKIDS (500 метр) және INSPIRATION санаттарында бақ сынады.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл жобаның өңірдің халықаралық беделін арттырып, бұқаралық спорт пен туризмді дамытудағы маңызына тоқталды.
«OCEANMAN QAZAQSTAN бүгінде Алматы облысының ғана емес, Қазақстанның халықаралық спорт күнтізбесіндегі маңызды жарыстарының біріне айналды. Қатысушылар санының жыл сайын артуы елімізде ашық суда жүзу спортына қызығушылықтың жоғары екенін және Қапшағайдың халықаралық спорт орталығы ретінде танылып келе жатқанын көрсетеді», – деді облыс әкімі.
Екі күнге созылған жарыстың алғашқы күні ең беделді саналатын 10 шақырымдық OCEANMAN қашықтығында жеңімпаздар анықталды. Бұл санатқа 1300-ден астам спортшы қатысты.
Ерлер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Лев Черепанов мәреге бірінші болып жетіп, чемпион атанды.
Жеңісінен кейін спортшы жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Бұл додада өте мықты қарсыластар жиналды. Сондықтан бұл жеңістің орны ерекше. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге және ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін», – деді Лев Черепанов.
Әйелдер арасында 10 шақырымдық жарыста қазақстандық Ирина Небесная жеңімпаз атанса, HALF OCEANMAN санатында Тимофей Лебедев пен Анна Резванцева үздік нәтиже көрсетті.
Фестивальдің екінші күні SPRINT санаты бойынша 800-ден астам спортшы 2 шақырым қашықтықта бақ сынады. Сонымен қатар жүздеген жас жүзуші үшін OCEANKIDS және INSPIRATION балалар жарыстары ұйымдастырылды.
Бұл санаттарда қазақстандық жас спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, барлық жүлделі орындарды иеленді.
Жарысқа алғаш рет қатысқан астаналық жас спортшы Фархад Жұманах халықаралық фестивальдің өзіне үлкен тәжірибе сыйлағанын айтты.
«Бастапқыда қатты қобалжыдым. Бірақ көрермендердің қолдауынан кейін өзімді сенімді сезіндім. Бұл жарыс маған үлкен мотивация берді. Келесі жылы тағы да қатысып, жақсы нәтиже көрсеткім келеді», – деді жас спортшы.
Биылғы OCEANMAN QAZAQSTAN фестивалінің маңызды жаңалығы – әлеуметтік бағыттағы екі жобаның жүзеге асуы болды.
«Анашым, мен жүземін» жобасы аясында 130 ерекше бала халықаралық жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды. Олардың қауіпсіздігін кәсіби жаттықтырушылар мен еріктілер қамтамасыз етті.
Ал екінші жоба арқылы ауылдық жерлерден және әлеуметтік осал топтардан шыққан 90 бала алғаш рет халықаралық деңгейдегі спорттық додаға қатысып, өз мүмкіндіктерін сынады.
Фестивальдің ерекше атмосферасын әлемдік Ironman сериясының ресми жүргізушісі Гордон Грэм толықтырды. Ашық суда жүзу және триатлон жарыстарының әйгілі комментаторы қатысушыларға ерекше серпін сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша барлық санаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Oceanman Worldwide Championship әлемдік финалына қатысуға жолдама алды.
Осылайша, Қапшағайда өткен OCEANMAN QAZAQSTAN – 2026 халықаралық фестивалі Қазақстанның спорттық әлеуетін тағы бір мәрте танытып қана қоймай, өңірдің халықаралық туризм мен бұқаралық спорт орталығы ретіндегі мәртебесін нығайта түсті.





