Оқиға Ащыбұлақ ауылдық округінде болған. Белгіленбеген аумаққа құрылыс қалдықтарының төгілгені анықталғаннан кейін жауапты мамандар жақын маңда орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеген.
Нәтижесінде құрылыс қалдықтарын заңсыз төккен тұлғаның жеке басы анықталды. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұл салынды.
Алайда құқық бұзушыға тек айыппұл төлеумен шектелуге тура келген жоқ. Ол өз қаражаты есебінен төгілген құрылыс қалдықтарын толықтай жинап, ластанған аумақты тазартқан.
Мұндай шаралар елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеуге бағытталған.
Жауапты органдардың мәліметінше, Іле ауданы аумағында тазалықты сақтау және заңсыз қоқыс төгу фактілерінің алдын алу бойынша бақылау жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.





