Полиция мәліметінше, 3 қазанда әлеуметтік желіде Алматы – Астана автожолындағы бірнеше көліктің қауіпті әрекеттері түсірілген бейнежазба жарияланған. Кадрларда жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны байқалған.
Бейнежазба жарияланғаннан кейін полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушыларды анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізді.
Тексеру барысында 3 қазан күні сағат 00:30 шамасында жүргізушілердің Жібек Жолы ауылындағы мейрамханадан шығып, Алматы – Астана автожолымен қозғалғаны анықталған.
Полиция мәліметіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке төрт жүргізуші – Жолдасбай Еркебұлан, Махсетов Бекарыс, Жұмалиев Ержан және Тұрғанбай Ардақ тартылды. Оларға қатысты жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу және бұзақылық фактілері бойынша 13 әкімшілік хаттама толтырылған.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары BMW автокөлігінің люгінен пиротехникалық бұйымдарды іске қосқан Базарымбетов Мейірбектің жеке басын анықтады. Оған қатысты да әкімшілік хаттама рәсімделген.
Осылайша, аталған оқиға бойынша барлығы 14 әкімшілік хаттама толтырылды.
Іс материалдарын қараған сот құқық бұзушыларға 10 тәулікке әкімшілік қамақ түріндегі жаза тағайындады.
Полиция жол үстіндегі демонстрациялық және қауіпті әрекеттер тек ереже бұзу ғана емес, өзге жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертті. Тәртіп сақшылары мұндай құқық бұзушылықтар ерекше бақылауда екенін атап өтті.





