Алдын ала мәлімет бойынша, 17 сәуір күні таңғы сағат 05:30 шамасында жеке тұрғын үйде газ жарылған. Жарылыстың күші соншалық, алты бөлмелі баспана толықтай қирап қалған.
Үй иесі Самат Жайылхановтың танысы Сапарбай Қарабалаевтың айтуынша, жарылыс кезінде үй ішінде ер адам, оның әйелі және үш баласы болған.
«Таңғы уақытта балалар ұйықтап жатқан. Самат ұлын колледжге оятқан кезде, ұлы жарықты қосқан сәтте жойқын жарылыс болған. Самат дәретханадан жүгіріп шығып, үйінді астында қалған әйелі мен балаларын сыртқа алып шықты. Көршілер көмектесті. Қазір әйелі мен балалары ауруханада жатыр, екеуі жансақтау бөлімінде. Денелерінің 60 пайызын күйік шалған», – дейді ол.
Үй иесінің айтуынша, үйдегі газ плитасында ақау болмаған. Болжам бойынша, жарылысқа жер астындағы газ құбырының тозуы себеп болуы мүмкін. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда жер астынан газ шыққаны байқалады, алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.
Сондай-ақ, тұрғынның сөзінше, газ қызметі бұл жағдайға қатысты өз кінәсін мойындамаған.
Қазіргі уақытта облыстық төтенше жағдайлар департаменті ресми түсініктеме бермеген. Жергілікті әкімдік тарапынан да нақты ақпарат жарияланбады.
Жарылыстан кейін зардап шеккен отбасы баспанасыз қалған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.





