Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіби қызметінде жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ел дамуына үлес қосқан азаматтар «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар азаматқа «Мемлекеттік қызмет ардагері» атағы берілді. Мемлекеттік наградалар табысталған салтанатты жиын Қонаев қаласында өтті. Мерекелік шараға Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, өңір тұрғындарын Республика күнімен құттықтады.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі 25 қазанның Қазақстан тарихындағы ерекше орнына тоқталды. Оның айтуынша, 1990 жылы Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы елдің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз қалады.
«25 қазанда Мемлекеттік суверенитет туралы Декларацияның қабылдануы – халқымыздың тарихи таңдауын айқындаған, дербестігін төрткүл дүниеге жария еткен айрықша сәт. Елдігіміздің алтын діңгегі болған осы қастерлі күннің маңызын ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін атап өту дәстүрін қайта жаңғыртты, Ұлттық мереке мәртебесін берді», – деді өңір басшысы.
Шыңғыс Әрінов биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы аталып өтіп жатқанын да атап өтті. Ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына Алматы облысының қосып отырған үлесіне тоқталып, алдағы міндеттердің бірі халықтың тұрмыс сапасын жақсарту екенін жеткізді.
«Алдымызда халықтың тұрмысын одан әрі жақсартып, елімізді озық мемлекеттер қатарына қосу жоспары тұр. Бұл – ұлт тағдыры мен келер буын алдындағы жауапкершілік», – деді облыс әкімі.
Марапатталғандардың арасында саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұстаз Гүлнар Асқарбаева да бар. Ұзақ жылғы еңбегі мен кәсіби қызметі үшін ол «Шапағат» медалімен марапатталды. Ұстаздың айтуынша, мемлекеттік награда жеке жетістіктің ғана емес, ұжымдық еңбектің де нәтижесі.
«Ұлттық мереке қарсаңында «Шапағат» медалімен марапатталдым. Бұл мен үшін – үлкен жауапкершілік әрі жоғары мәртебе. Мұның артында тұтас бір ұжымның үлкен еңбегі мен ізденісі жатыр. Тынбай істеген жұмысың бағаланғанда, қанаттанып, ұлы істерді атқаруға деген талпынысың оянады. Сондықтан бұл сый-құрметті иеленгеніме өте қуаныштымын», – деді Гүлнар Асқарбаева.
Ол сондай-ақ қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, елдің бейбітшілігі мен егемендігі мәңгі болуын тіледі.
Мемлекеттік наградаға ие болған 35 азаматтың әрқайсысы өз саласында ұзақ жыл еңбек етіп, өңірдің дамуына үлес қосып келеді. Олардың арасында шәкірт тәрбиелеген мұғалімдер, халық денсаулығын сақтауға атсалысқан дәрігерлер, өндіріс қызметкерлері және мемлекеттік қызметшілер бар.
Республика күніне орай Алматы облысының барлық аудан-қаласында мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылып жатыр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, ұлттық мереке аясында өңірде 200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған.





