Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралар Алматы облысының барлық аудан-қаласын қамтыды. Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттіліктің маңызын дәріптеуге бағытталған салтанатты жиындарда Мемлекеттік Ту көтеріліп, патриоттық әндер шырқалды. Мерекелік бағдарламаларға мыңдаған тұрғын қатысып, ел тарихындағы айтулы күнді бірге атап өтті.
Ұлттық мерекенің басты салтанатты іс-шараларының бірі облыс орталығы Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Мемлекеттік Туды көтеру рәсіміне облыс әкімі Шыңғыс Әрінов, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, әскери гарнизон мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, зиялы қауым және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиынға 2 мыңнан астам адам жиналды. Түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында бас қосып, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызын айқындады. Қолдарына көк байрақ ұстаған тұрғындар патриоттық әндерді бірге шырқап, мерекелік көңіл күйді бөлісті.
Биыл Республика күні аясында Алматы облысында 250-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламалар өңірдің барлық аудан-қаласын қамтып, мәдени-көпшілік жиындар, патриоттық акциялар мен салтанатты рәсімдер өткізілді.
Сонымен қатар ұлттық мерекеге орай облыста 28 жаңа нысан ашылды. Бұл мерекенің тек мәдени іс-шаралармен шектелмей, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған нақты жұмыстармен де ерекшеленгенін көрсетеді.
Қонаев қаласындағы салтанатты рәсімде жиналған көпшілік Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін бірлесе орындады. Бұдан кейін облыстың өнер ұжымдары мен шығармашылық өкілдерінің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сахнада ел тәуелсіздігін, туған жерге сүйіспеншілікті және халық бірлігін дәріптейтін патриоттық шығармалар орындалды.
Айта кетейік, 25 қазан – Қазақстан тарихындағы маңызды күндердің бірі. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, елдің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына құқықтық негіз қаланды. 2022 жылы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды.
Алматы облысында кең көлемде ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға бағытталды.
Республика күні өңір тұрғындарын ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің қадірін айқындайтын маңызды мерекеге айналды.





