Қонаев қаласында қоршаған ортаны қорғау және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Биылғы күзгі көгалдандыру науқаны Республика күнімен тұспа-тұс келіп, қала аумағында мыңдаған көшет отырғызылды. Атап айтқанда, Индустриальная және Қонаев көшелерінің бойына, сондай-ақ Алматы – Өскемен республикалық маңызы бар автомобиль жолының маңына жалпы саны 3 мың ағаш егілді.
Көгалдандыру жұмыстары барысында жергілікті климаттық жағдайларға бейімделген акация мен арша көшеттеріне басымдық берілді. Бұл ағаш түрлері қала аумағындағы жасыл желек көлемін арттыруға және қоғамдық кеңістіктерді көркейтуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Қонаев қаласында көгалдандыру жұмыстары жалғасып, жеміс ағаштарын отырғызу да жоспарланып отыр.
Республика күні қарсаңында Қонаевта ағаш отырғызумен қатар, қоршаған ортаны тазарту жұмыстары да ұйымдастырылды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қаланың саяжай аумағы мен Қарлығаш шағынауданында ауқымды сенбілік өтті.
Экологиялық шараға 250 адам қатысып, белгіленген аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартуға атсалысты. Нәтижесінде 350 қап қоқыс жиналды.
Мұндай шаралар қаланың санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына және қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға бағытталған.





