Қазақстан жаңалықтары - Alataunews
  • Русский язык
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
No Result
View All Result
Whatsapp
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
No Result
View All Result
Қазақстан жаңалықтары - Alataunews
No Result
View All Result
Басты бет Жаңалықтар

Бішкекте түркі елдерінің журналистері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қырғызстан астанасы Бішкекте түркі мемлекеттерінің журналистері, ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері бас қосып, ақпараттық кеңістікті дамыту мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Жиынның маңызды нәтижелерінің бірі – бес елдің журналистік ұйымдары арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылуы, деп хабарлайды Alataunews.kz.

Қорлан Нұрланқызы
26.10.2026
Жаңалықтар

22–24 қазан аралығында Бішкек қаласында VI Халықаралық түркі дүниесінің коммуникация және өнер симпозиумы өтті. Үш күнге созылған халықаралық басқосуға Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Әзербайжан және Өзбекстаннан журналистер, жоғары оқу орындарының профессорлары, ғалымдар, мәдениет және өнер саласының өкілдері қатысты.

Қазақстандық делегация құрамында Қазақстан Журналистер одағының жауапты хатшысы Баян Рамазанова мен Қазақстан Журналистер одағының Алматы облысындағы жетекшісі, «Алатау арайы» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар болды.

Халықаралық симпозиум Бішкектегі жетекші жоғары оқу орындары – Қырғыз-Түрік «Манас» университеті мен Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің базасында ұйымдастырылды.

Жиынның басты мақсаты – түркі мемлекеттері арасындағы кәсіби байланысты нығайту, ортақ тарихи-мәдени мұраны насихаттау және заманауи коммуникация саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау.

Симпозиум барысында цифрлық медианың дамуы, журналистикада жасанды интеллектіні қолдану, жалған ақпараттың таралуына қарсы күрес, ақпарат таратудың жаңа тәсілдері мен мәдени дипломатия мәселелері кеңінен сөз болды.

Сондай-ақ қатысушылар киноиндустриядағы халықаралық ынтымақтастық, шығармашылық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және жаңа медианың қоғамға ықпалы жөнінде тәжірибе алмасты.

Әсіресе жасанды интеллектінің журналистикаға ықпалы кәсіби пікірталастың негізгі тақырыптарының біріне айналды. Мамандар технологиялық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланумен қатар, ақпараттың шынайылығын тексеру, журналистік этиканы сақтау және авторлық жауапкершілікті күшейту қажеттігіне назар аударды.

Халықаралық кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Әзербайжан журналистік ұйымдарының өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюы.

Құжат түркі мемлекеттерінің ақпарат саласындағы байланысын кеңейтуге, журналистер арасында тәжірибе алмасуды жүйелеуге және бірлескен медиа жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Тараптар алдағы уақытта кәсіби кездесулер ұйымдастыру, ақпарат алмасу мүмкіндіктерін арттыру және ортақ бастамаларды дамыту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар симпозиум аясында түркі елдерінің журналистеріне арналған бірыңғай ақпараттық портал құру бастамасы көтерілді. Жаңа платформа арқылы бес мемлекеттің қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік өміріндегі маңызды жаңалықтарды ортақ ақпараттық кеңістікте жариялау көзделіп отыр.

Бұл бастама түркітілдес мемлекеттердің ақпараттық ықпалдастығын арттырып қана қоймай, халықаралық аудиторияға ортақ тарих, мәдениет және қазіргі қоғамдық үдерістер туралы жан-жақты мәлімет ұсынуға мүмкіндік бермек.

Қазақстан Журналистер одағының жауапты хатшысы Баян Рамазанова халықаралық басқосудың маңызына тоқталып, заманауи технологиялардың дамуы журналист мамандығына жаңа талаптар қойып отырғанын атап өтті.

«Бүгінгі басқосуда түркі елдерінің журналистері мен ғылым саласының өкілдері коммуникация, мәдениет және өнер мәселелері бойынша пікір алмасты. Орталық Азиядағы журналистиканың сапасын жаңа деңгейге көтеру жолдарын талқылап, тың ұсыныстар мен идеяларды ортаға салдық.

Жасыратыны жоқ, бүгінде жасанды интеллект журналистиканың дамуына айтарлықтай әсер етіп отыр. Алайда ол журналисті толық алмастыра алмайды. Өйткені журналист оқиға орнына барып, жағдайды өз көзімен көріп, деректерді саралап, терең талдау жасайды. Жасанды интеллектіні кәсіби қызметімізді жеңілдететін, қосымша ақпарат алуға көмектесетін технологиялық құрал ретінде тиімді пайдалануымыз қажет», – деді Баян Рамазанова.

Оның айтуынша, түркі мемлекеттерінің журналистік ұйымдары арасында жасалған келісім ақпарат саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

«Бүгін қол қойылған меморандум Орталық Азияның ақпараттық кеңістігін дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Түркі елдерінің журналистеріне ортақ портал ашу идеясы бұрыннан айтылып келеді. Енді осы бастаманың нақты жүзеге асырыла бастағанына қуаныштымыз. Халықаралық жиынды ұйымдастыруға ұйытқы болған Түркі дүниесі журналистер федерациясының төрағасы Мендерес Демир мен Қырғызстан Журналистер одағының төрағасы Илязбек Балташевке алғысымызды білдіреміз», – деді ол.

Симпозиум аясында журналистика саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар маманға арнайы марапаттар табысталды.

Атап айтқанда, Қырғызстан Журналистер одағының атынан Қазақстан Журналистер одағының жауапты хатшысы Баян Рамазанова «Құрметті журналист» төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ Түркия, Өзбекстан және Әзербайжан журналистік ұйымдарының төрағалары мен өкілдеріне кәсіби қызметі және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттар берілді.

Түркі дүниесінің ақпараттық байланысы жаңа деңгейге көтерілмек

Түркі халықтарын ортақ тарих, тілдік және мәдени жақындық, ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтар байланыстырады. Осы ортақ мұраны сақтау мен насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше.

Сарапшылардың пікірінше, жаһандану және цифрлық технологиялар қарқынды дамыған кезеңде түркі мемлекеттерінің ақпараттық ынтымақтастығын күшейту өзекті мәселеге айналып отыр.

Бұл ретте журналистік ұйымдар арасындағы тікелей байланыс, ортақ ақпараттық жобалар мен кәсіби тәжірибе алмасу маңызды.

Бішкекте өткен VI Халықаралық түркі дүниесінің коммуникация және өнер симпозиумы осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік берді.

Ал бес мемлекеттің журналистік ұйымдары арасында қол қойылған меморандум мен ортақ ақпараттық портал құру бастамасы алдағы уақытта түркі дүниесінің бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Тегтер: Алматы облысыБасты жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар

Бішкекте түркі елдерінің журналистері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қорлан Нұрланқызы
26.10.2026

Алматы облысында Республика күніне орай 250-ге жуық іс-шара өтіп, 28 жаңа нысан ашылды

Қорлан Нұрланқызы
25.10.2026

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

Қорлан Нұрланқызы
25.10.2026

Президент Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады

Қорлан Нұрланқызы
25.10.2026

Республика күні қарсаңында Қонаевта 3 мың ағаш отырғызылды

Қорлан Нұрланқызы
24.10.2026

  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
ZERO.kz

© 2022-2024 www.alataunews.kz

  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
  • Русский язык

© 2022-2024 www.alataunews.kz