2013–2014 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты «Үшқоңыр» спорт кешенінде өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас балуандар он салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Атап айтқанда, спортшылар 32, 35, 38, 42, 46, 50, 55, 60, 65 және 65 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде белдесті. Республикалық жарыста әрбір белдесу тартысты өтіп, жас спортшылар өздерінің техникалық шеберлігін, физикалық дайындығын және жеңіске деген жігерін көрсетті.
Чемпионатта Алматы облысының жас спортшылары табысты өнер көрсетті. Өңір намысын қорғаған Бекарыс Жарылқасынұлы мен Диас Жолдыбай күміс жүлдеге ие болса, Іле ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Әлібек Нұржанұлы 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды. Жас балуан Әлібек Нұржанұлы республикалық деңгейдегі жарыстың өзі үшін үлкен тәжірибе болғанын айтады.
«Бұл чемпионат мен үшін үлкен жауапкершілік әрі маңызды тәжірибе болды. Бозкілемде соңғы секундқа дейін жинақы болып, өзіңе сену керек. Әрбір қарсылас шыңдала түсуге ықпал етеді, ал әр белдесу жаңа нәрсеге үйретеді. Дайындығым мен қолдауы үшін бапкеріме алғыс айтамын. Алдағы уақытта да жаттығуды жалғастырып, күрес әдістерін жетілдіріп, жаңа жеңістерге ұмтыламын», – деді жас спортшы.
Алматы облысының балуандары жеке белдесулерде ғана емес, жалпыкомандалық есепте де жоғары нәтиже көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысының құрамасы 111 ұпай жинап, бірінші орынды иеленді. 104 ұпаймен Астана қаласының командасы екінші орынға тұрақтаса, 96 ұпай жинаған Алматы облысының құрамасы үшінші орынға ие болды.
Мамандардың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионаттар болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Әсіресе 12–13 жас аралығы спортшылардың техникалық шеберлігін жетілдіріп, күрес әдістерін меңгеретін, төзімділігі мен тактикалық ойлау қабілетін дамытатын кезең саналады. Спорт ардагері Қапар Рауанов мұндай жарыстар жас балуандардың қабілетін шыңдап, олардың үлкен спортқа бейімделуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Бұл жаста спортшылардың шеберлігі айтарлықтай арта түседі. Олар жаттығу барысында меңгерген әдіс-тәсілдерін белдесу кезінде қолдануды, өз қателіктерін талдауды және күрес үстінде жедел шешім қабылдауды үйренеді. Әр баланың даму қарқыны әртүрлі, сондықтан бапкердің міндеті – спортшының әлеуетін ашу, өз күшіне деген сенімін арттыру және оны спорттық жолдың келесі кезеңдеріне дайындау», – деді Қапар Рауанов.
Оның сөзінше, Қазақстан чемпионаты жас спортшылардың жарыс тәжірибесін жинақтап, өздерінің мықты және әлсіз тұстарын анықтауына мүмкіндік береді.
«Осындай турнирлер болашағынан үміт күттіретін балуандарды анықтап, республикалық және халықаралық ареналардағы алдағы жеңістердің негізін қалыптастыруға ықпал етеді», – деп толықтырды спорт ардагері.
Қазақ күресі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық спорт түрлерінің бірі. Бүгінде бұл спортқа қызығушылық танытатын балалар мен жасөспірімдердің шеберлігін шыңдауда республикалық жарыстардың маңызы зор. Мұндай чемпионаттар жас балуандарға өз өңірінің намысын қорғап қана қоймай, еліміздің үздік спортшыларымен белдесуге, тәжірибе жинақтауға және алдағы жарыстарға дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Алматы облысының жас балуандарының республикалық чемпионаттағы жетістігі өңірдегі балалар мен жасөспірімдер спорты үшін маңызды нәтиже болды.
Екі күміс, бір қола медаль және жалпыкомандалық есептегі үшінші орын – жас спортшылардың табанды еңбегі мен бапкерлерінің жүйелі дайындығының жемісі.





