Оқиға Талғар ауданындағы «Ақбұлақ» тау шаңғысы курорты аумағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, зейнеткер аспалы жолмен тауға көтерілгеннен кейін бағытын жоғалтып, өздігінен кері қайта алмаған.
Хабарлама түскен бойда оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары мен ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жедел аттанды.
Құтқарушылар аспалы жол арқылы тауға көтеріліп, таулы аумақта іздестіру жұмыстарын бастады. Іздеу барысында олар аумақты мұқият тексеріп, бірнеше шақырымға созылған бағытты шолып шыққан.
Іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде 74 жастағы әйел бақылау алаңынан шамамен үш шақырым төмен орналасқан жерден табылды. Мамандар оны қауіпсіз жерге шығарып, жақындарына жеткізді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, зейнеткердің жағдайы қанағаттанарлық. Медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Осыған байланысты құтқарушылар тауға шығатын азаматтарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды, бағыттан ауытқымауды және жалғыз серуендеуден аулақ болуды ескертеді. Сондай-ақ жақындарына баратын бағыты туралы алдын ала хабарлап, байланыс құралдарын толық қуаттап жүруге кеңес береді.





