Іс-шараларға Алматы облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ұлан Садықов, Іле аудандық полиция басқармасының бастығы Ертіс Тоқтаров және аудан әкімінің орынбасары Асқар Садықов қатысты.
Профилактикалық жұмыстар барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, есірткі қылмысына қарсы күреске және жол қозғалысы ережелерінің сақталуына ерекше назар аударылуда.
Атап айтқанда, мектептер мен колледждердің маңында рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, оқушылар мен студенттердің сабақтан тыс уақыттағы қауіпсіздігі бақылауға алынған. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында жастарға заң талаптары мен құқық бұзушылықтың салдары туралы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.
«Қауіпсіз аудан» бағыты аясында қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, есірткі заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қою және жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары күшейтілген.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – қылмыстың алдын алу, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және аудан тұрғындары үшін қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыру.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді атсалысуға шақырады.





