Халықаралық оқу курсы Қытайдың Чэнду қаласындағы Сычуань университетінің Батыс Қытай ауруханасында өтіп жатыр. Бағдарлама Орталық Азия елдерінің медицина мамандарына арналған және қашықтан басқарылатын роботтандырылған хирургия саласындағы кәсіби даярлықты жетілдіруге бағытталған. Оқуға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан 34 медицина қызметкері қатысуда. Олардың қатарында Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының уролог дәрігері Айдар Жанбатырұлы Сабаев та бар.
Қазіргі медицинада роботтандырылған хирургия күрделі операцияларды жоғары дәлдікпен орындауға мүмкіндік беретін технологиялардың бірі саналады. Мұндай жүйелерде хирург арнайы консоль арқылы роботқа жалғанған хирургиялық құралдарды басқарады.
Технологияның басты ерекшелігі – операция кезінде хирургиялық қимылдарды дәл орындауға және күрделі анатомиялық аймақтарда жұмыс істеуге мүмкіндік беруі. Дегенмен робот операцияны өздігінен жасамайды. Барлық әрекет хирургтің тікелей бақылауымен және басқаруымен жүзеге асырылады. Халықаралық оқу бағдарламасында қатысушылар роботтандырылған хирургиялық жүйелердің құрылымымен танысып, оларды клиникалық тәжірибеде қолдану тәсілдерін меңгеруде. Атап айтқанда, дәрігерлер хирургиялық роботтарды орнату және бөлшектеу, арнайы құралдарды орналастыру, камера мен операциялық консольді басқару, хирургиялық тігіс салу және түйін байлау әдістерін үйреніп жатыр.
Оқу тек теориялық дәрістермен шектелмейді. Қатысушылар арнайы симуляциялық құрылғыларда жаттығып, тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен хирургиялық манипуляцияларды орындайды. Сондай-ақ нақты клиникалық операцияларды бақылап, операциялық топтың жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктерін зерделейді.
Айдар Сабаев үшін халықаралық курс урология саласындағы жаңа технологияларды зерттеуге және шетелдік әріптестердің тәжірибесімен танысуға мүмкіндік беріп отыр. Оқу бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі – жалпы хирургия мен урологияда роботтандырылған операциялардың қалай жүргізілетінін бақылау. Дәрігерлер хирургиялық араласуға дайындық кезеңінен бастап, операция барысындағы мамандардың өзара іс-қимылына дейінгі барлық үдерісті зерделейді. Сонымен қатар қашықтан хирургия орталығының жұмысымен танысады. Бағдарлама аясында медициналық қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінген. Қатысушылар операция кезінде туындауы мүмкін күтпеген жағдайларда әрекет ету, хирургиялық топ мүшелерінің міндеттерін үйлестіру және пациент қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын үйренеді.
Оқу өтіп жатқан Сычуань университетінің Батыс Қытай ауруханасы 1892 жылы құрылған. Бүгінде мекеме клиникалық медицинаны, ғылыми зерттеулер мен мамандар даярлауды қатар дамытатын ірі медициналық орталықтардың бірі саналады. Аурухана күрделі хирургиялық операциялар, бауыр трансплантациясы, ұйқыбез және өт жолдары хирургиясы, сондай-ақ аз инвазивті емдеу технологиялары бағытында жұмыс істейді. Халықаралық курсқа аурухананың тәжірибелі хирургтері мен оқытушылары тартылған. Атап айтқанда, аурухана директорының орынбасары У Хун заманауи хирургтің кәсіби дамуы туралы дәріс оқып, дәстүрлі операциялық әдістерден роботтандырылған жүйелерді басқаруға дейінгі технологиялық өзгерістерді түсіндірді. Ал Ли Сян урологиядағы роботтандырылған хирургияның даму тарихы мен қазіргі бағыттарын таныстырды. Сян Бо хирургиялық роботтарды қолданудың мүмкіндіктері мен өзекті мәселелеріне тоқталады. Теориялық және практикалық сабақтар Батыс Қытай медициналық симуляция орталығында ұйымдастырылған. Мұнда дәрігерлер жоғары технологиялық жабдықтармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіреді.
Жаңа технология Қонаев медицинасына енгізіле ме?
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында мамандардың кәсіби дамуына және медициналық қызмет сапасын жетілдіруге көңіл бөлінуде. Айдар Сабаевтың халықаралық бағдарламаға қатысуы жергілікті дәрігерлердің заманауи хирургиялық технологиялар туралы білімін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Алайда роботтандырылған хирургияны медициналық мекемелердің күнделікті тәжірибесіне енгізу тек мамандарды оқытумен шектелмейді. Ол үшін арнайы қымбат жабдықтар, тиісті даярлықтан өткен операциялық топ және медициналық қауіпсіздік талаптарына сәйкес инфрақұрылым қажет. Сондықтан Қонаев қалалық ауруханасында роботтандырылған операциялар қашан жасала бастайтыны әзірге белгісіз. Соған қарамастан, халықаралық тәжірибе алмасу өңір дәрігерлерінің жаңа технологияларды меңгеруіне, кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуіне және болашақта заманауи емдеу әдістерін қолдануға дайындалуына негіз болмақ.





