Құжат аясында өңір мектептеріндегі педагог кадрлардың тапшылығын азайту, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, жасанды интеллект пен STEM бағыттарын дамыту, дарынды оқушыларды қолдау және кәсіптік бағдар беру жұмыстарын күшейту көзделіп отыр.
Меморандумға бірқатар беделді жоғары оқу орындары қосылды. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті, Халықаралық білім беру корпорациясы, Нархоз университеті, Азаматтық авиация академиясы және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті өңірдегі білім беру саласын дамытуға атсалысуға ниет білдірді.
Келісім аясында жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу және білім беру әлеуеті облыс мектептерінің дамуына бағытталады.
Тараптар педагогтердің біліктілігін арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру, оқушыларды ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларға дайындау, білім беру процесіне заманауи технологияларды енгізу және мектеп түлектерінің кәсіби бағдарын жетілдіру бойынша бірлескен жобаларды іске асырады.
Сонымен қатар, университет оқытушылары мен сарапшылары мектептермен тығыз жұмыс жүргізіп, білім беру жүйесіне инновациялық тәсілдерді енгізуге қолдау көрсетеді.
Жаңа серіктестік аясында жасанды интеллект, инженерия, технология, математика және жаратылыстану ғылымдары бағыттарын дамытуға ерекше назар аударылады.
Мамандардың пікірінше, бұл оқушылардың заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді және болашақ мамандықты саналы таңдауға жол ашады.
Алматы облысының Білім басқармасы бұл бастама мектеп пен жоғары білім арасындағы байланысты нығайтып, өңірдегі білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ жоба бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге, адами капиталды дамытуға және білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.





