Қабылдау барысында азаматтар су құбырын тарту, газбен қамту, жер телімін рәсімдеу, автомобиль жолдарын жөндеу және балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру мәселелері бойынша сауалдарын жеткізді. Жауапты басқарма басшылары мен мамандар тұрғындардың мәселелеріне қатысты түсініктеме беріп, оларды шешу жолдарын қарастырды.
Мәселен, Қонаев қаласының тұрғыны 2023 жылы сатып алған жер теліміне рұқсат құжаттарын рәсімдемей үй салып бастағанын айтқан. Алайда бұл құрылыс қаланың бас жоспарына сәйкес келмейтіндіктен, тұрғыннан жер телімін қайтару талап етілген.
Аймақ басшысы жер телімі толық игерілмеген жағдайда басқа аумақтан жер беру мүмкіндігі қарастырылатынын айтты. Ал егер тұрғын үй салынып қойған болса, оны бұзбай сақтау жолдары зерделенуі мүмкін екенін жеткізді.
Сонымен қатар, облыс әкімі барлық құжаттарды заң талаптарына сай рәсімдемей құрылыс жүргізу заңға қайшы екенін ескертті.
Қабылдауға келген Жамбыл ауданы тұрғыны «Ұзынағаш – Күрті» автомобиль жолының тозуы ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға және көлік қозғалысына қиындық туғызып отырғанын айтты.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл аталған жолдың 47–64 және 64–71 шақырым аралығындағы учаскелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған құжаттама дайындалған. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Қаржы бөлінгеннен кейін мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары басталады.
Ал Көктал ауылы тұрғындары ауызсу мен жол мәселесін көтерді. Әсіресе «Ай-Абылай» шағын ауданындағы инфрақұрылымның жай-күйі сөз болды.
Жауапты мамандардың айтуынша, өткен жылы аталған шағын ауданға газ жүйесі тартылған. Биыл ауызсу желілерін жүргізуге бюджеттен қаражат бөлінген. Ал жол салу жұмыстары келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ тұрғындар көтерген Мәметова көшесіндегі 1200 метр жолға қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға жіберілген.
Марат Сұлтанғазиев оқу жылы басталғанға дейін оқушылардың мектепке қауіпсіз қатынауына жағдай жасауды және тұрғындарды ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.





