Қонаев қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған кездесудің басты мақсаты – спортшы жастардың діни және ақпараттық сауаттылығын арттыру, оларды теріс идеологиялық ықпалдан қорғау және қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін нығайту.
Іс-шараға облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Руслан Сәрсембаев қатысып, жастарды радикалды діни ұйымдарға тартудың заманауи тәсілдері туралы баяндады. Сарапшы әсіресе интернет пен әлеуметтік желілерде таралатын деструктивті мазмұндағы ақпараттардың қауіптілігіне тоқталды.
Оның түсіндіруінше, радикалды идеологияны таратушылар жастардың сеніміне кіру үшін түрлі психологиялық ықпал ету әдістерін қолданады. Сондықтан әлеуметтік желілердегі ақпаратты саралап, күмәнді діни насихатқа сын көзбен қарау және ақпарат көздерінің сенімділігін тексеру маңызды.
Кездесу барысында жастардың радикалды көзқарастардың ықпалына түсуінің алдын алуда жаттықтырушылар мен тәлімгерлердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Өйткені жаттықтырушы жас спортшының физикалық дайындығына ғана емес, оның тұлғалық қалыптасуына, дүниетанымы мен өмірлік ұстанымдарының дамуына да ықпал етеді.
Осы орайда спорттық тәрбие мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығын сақтау мәселесі көтерілді. Қатысушылар жастардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, тәртіп пен өзара құрмет қағидаттарын қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар спорттағы жетістіктер арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың сыни ойлау қабілетін дамыту және олардың теріс діни ағымдардың ықпалына қарсы тұру дағдыларын нығайту қажеттігі айтылды.
Жиын қорытындысында экстремистік ұйымдардың қызметіне азаматтардың тартылуына жол бермеу, күмәнді ақпараттарға сақтықпен қарау және терроризм қаупіне қарсы қоғамдық қырағылықты арттыру мәселелеріне басымдық берілді.
Мұндай түсіндіру жұмыстары спортшы жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамда экстремизм мен терроризмге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруға бағытталған.





