Жаңа кәсіпорында жылына 200 тоннаға дейін ханбалық (форель) және бекіре тұқымдас балықтар өсіріледі. Жобаның жалпы құны 450 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар шаруашылықта 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кешеннің ашылу рәсіміне Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, бұл нысан өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі екенін айтты.
«2021–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында өңірде инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста тауарлы балық өсірумен 53 шаруашылық айналысады. Олардың жалпы өндірістік қуаты 11 мың тоннаны құрайды. Бұл саланың инвестициялық тартымдылығы жыл сайын артып келеді», – деді ол.
Кәсіпорында заманауи тұйық сумен жабдықтау жүйесі орнатылған. Мұнда көпсатылы сүзгіден өткізу, озондау және ультракүлгін сәулемен залалсыздандыру технологиялары енгізілген.
Мамандардың айтуынша, бұл жүйе балықтардың ауруға шалдығу қаупін төмендетіп, экологиялық таза әрі сапалы өнім өндіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ су сапасы, температура, оттегі деңгейі және санитарлық жағдай тұрақты бақылауда болады.
Облыс әкімінің орынбасарының сөзінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап акваөсіру саласын дамытуға арналған мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері іске қосылған.
«Өткен жылы бұл салаға жергілікті бюджеттен 380 миллион теңге бөлініп, қаржы толық игерілді. Биыл бұл мақсатқа 315 миллион теңге қарастырылып отыр», – деді Бақытнұр Бақытұлы.
Жаңа кешеннің іске қосылуы Алматы облысында балық шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Жоба өңір экономикасын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық балық өнімдерінің көлемін арттыруға ықпал етеді.





