Ведомство мәліметінше, іздестіру жұмыстары Еңбекшіқазақ ауданында жүргізілген. Құтқарушылар 1984 жылы туған азаматтың орналасқан жерін анықтау үшін таулы аумақтарды тексерген.
Алдын ала ақпарат бойынша, ер адам 15 маусым күні сағат 10:00 шамасында Ассы үстіртіне қарай жолға шығып, содан кейін онымен байланыс үзілген. Жақындары оның қайда екенін анықтай алмай, құтқарушылардан көмек сұраған.
Іздестіру-құтқару тобы ықтимал бағыттарды және оған жақын аумақтарды мұқият тексерді. Нәтижесінде жоғалған азамат Көксай таулы аймағынан табылды.
ТЖМ мәліметінше, ер адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Оған медициналық көмек қажет болмаған.
Құтқарушылар тұрғындарға таулы аймақтарға шығар алдында қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызын еске салды. Мамандар сапарға шығар алдында жақындарыңызға баратын бағытыңызды, нақты орналасқан жеріңізді және оралатын уақытыңызды алдын ала хабарлап отыруға кеңес береді.





