Бағдарлама аясында жастар жазғы демалысын тиімді пайдаланып, ай сайын шамамен 118 мың теңгеге дейін жалақы алу мүмкіндігіне ие болады.
Уақытша жұмысқа орналасу үшін жастар Enbek.kz электрондық еңбек биржасына кіріп, «Менің жазғы каникулым» бөлімі арқылы тіркеліп, түйіндеме жүктеуі қажет. Одан кейін өзіне ыңғайлы бос жұмыс орындарын таңдап, өтінім бере алады.
Ал 14–15 жастағы оқушылар үшін платформадағы жеке кабинет ата-анасының немесе заңды өкілінің атына тіркеледі.
Бағдарлама Еңбек мобильдігі орталығы арқылы «Қоғамдық жұмыстар» жобасы аясында жүзеге асырылады. Жасөспірімдерді уақытша жұмыспен қамту маусым айында басталып, биыл 800-ге жуық оқушы мен студентті қамту жоспарланып отыр.
Жастар дүкен көмекшісі, курьер, аниматор, промоутер, лагерь немесе кітапхана көмекшісі, SMM маманы секілді қауіпсіз әрі жеңіл жұмыстарды атқарады. Олар күніне шамамен жеті сағатқа дейін еңбек ете алады.
Алматы облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асыл Ваисов бағдарламаның негізгі мақсаты жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін беру екенін айтты.
«Біздің басты мақсатымыз – жастарға қауіпсіз еңбек жағдайында алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік беру. Бағдарлама еңбек мәдениетін қалыптастырып, болашақ мамандықты таңдауға да ықпал етеді», – деді ол.
Маманның айтуынша, жұмысқа орналастыру толықтай ҚР Еңбек кодексі аясында жүргізіледі. 14–15 жастағы жасөспірімдер жұмысқа ата-анасының нотариалды куәландырылған келісімімен ғана қабылданады. Ал 16–18 жас аралығындағы жастар бос жұмыс орындарына өз бетінше өтінім бере алады.
Сондай-ақ еңбек шарты жасалғаннан кейін ата-аналардың телефонына автоматты түрде хабарлама жіберіледі. Жалақы тікелей жасөспірімнің банк картасына аударылады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандарға ауыр және қауіпті жұмыстарда, түнгі ауысымда, сондай-ақ алкоголь мен темекі өнімдері сатылатын орындарда жұмыс істеуге тыйым салынады. Жүйе мұндай вакансияларды автоматты түрде бұғаттайды.
Айта кетейік, өткен жылы өңірде 500-ге жуық оқушы мен студент жазғы уақытша жұмыспен қамтылған. Бағдарлама аясында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан жастарға басымдық берілген.





