Қайғылы оқиға Қараой мен Байкент ауылдарының арасындағы Р-19 тасжолында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Camry 10 маркалы автокөлік Қараой ауылынан Байкент бағытына қарай келе жатқан. Белгісіз себептермен жүргізуші көлікті басқара алмай, жол жиегіне шығып кеткен. Салдарынан жеңіл көлік жол бойындағы ағашқа соғылған.
Қатты соққыдан көлік қатты зақымданып, адам танымастай күйге түскен.
Оқиға салдарынан екі жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Ал жүргізуші мен тағы бір жолаушы түрлі дене жарақаттарымен жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізілген. Зардап шеккендердің бірінің жағдайы ауыр екені хабарланды.
Жол апаты болған жерде полиция қызметкерлері мен арнайы құрылым өкілдері жұмыс істеді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің әскери киімде болғаны белгілі болғанымен, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі олардың ведомство қызметкерлері емес екенін мәлімдеді. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді.
«Алдын ала мәлімет бойынша, 23 жастағы Toyota жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, жол жиегіне шығып кеткен. Кейін автокөлік ағашқа соғылған. Нәтижесінде екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.





