7 қарашада Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторлары Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, табиғат қорғау бағытында күшейтілген рейд жүргізді.
Тексеру барысында «Шонжы – Көкпек – Алматы» автожолында күдік тудырған автокөлік тоқтатылды. Алдын ала мәлімет бойынша, көліктегі азаматтардың 6 қарашада Шарын ұлттық паркінің Темірлік аумағына жақын жерде заңсыз аңшылық жасауға қатысы болуы мүмкін.
Оқиға орнынан қарақұйрыққа ұқсас бес жануардың өлексесі табылды. Олардың нақты түрі мен жынысы тиісті сараптама қорытындысы бойынша анықталады.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ күдікке ілінген азаматтардың заңсыз аңшылыққа қатыстылығын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.





