Салтанатты шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы, ветеринария саласының ардагерлері, аудандық ветеринариялық станциялар мен басқарма қызметкерлері қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары ветеринария саласы ауыл шаруашылығының ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен қоғамдық денсаулықты қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
«Ветеринар маманы болу – терең білімді, жоғары жауапкершілікті және өз ісіне адалдықты талап ететін ерекше кәсіп. Сіздер күн сайын төрт түліктің саулығын қорғап қана қоймай, халық дастарханына қауіпсіз әрі сапалы өнімнің жетуіне қызмет етіп келесіздер. Осы жауапты еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін,» – деді Бақытнұр Бақытұлы.
Мерекелік жиында үздік мамандарға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары, сондай-ақ Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің «Құрмет» грамоталары табысталды.
Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, бүгінде Алматы облысының ветеринария жүйесінде 1386 маман еңбек етеді. Олар мал ауруларының алдын алу, эпизоотиялық ахуалды тұрақты бақылау және халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің ІІ форумында ветеринариялық қызметті жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту және сала мамандарының еңбек жағдайын жақсарту жөнінде нақты міндеттер жүктегенін еске салды.
Президент тапсырмаларын орындау аясында Алматы облысында соңғы жылдары ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Соңғы үш жылдың ішінде өңірде 21 ветеринариялық пункт пен 19 мал қорымы пайдалануға берілді. Ал 2026–2027 жылдары жергілікті бюджет есебінен 94 ветеринариялық пункт пен 52 мал қорымын салуға 4,1 млрд теңге қарастырылған. Бұл ветеринариялық нысандарға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында салаға 100 қызметтік автокөлік сатып алынды. Бұдан бөлек, аса қауіпті 12 жұқпалы ауруға қарсы эпизоотиялық іс-шараларды жүргізуге 5 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен 123 млн теңгеге 70 сібір жарасы көміндісі ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестендірілді.
Салтанатты жиында сөз алған ветеринария саласының ардагері Самғат Сүндетбаев соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мамандардың жұмысына жаңа серпін бергенін айтты.
«Ветеринария – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін аса жауапты сала. Бүгінде мемлекет тарапынан ветеринар мамандарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Жаңа нысандар салынып, материалдық-техникалық база жаңартылып, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы жақсарып жатыр. Мұның барлығы сала мамандарының еңбегіне деген жоғары бағаның көрінісі», – деді ол.
Мерекелік жиын барысында ветеринария саласы қызметкерлерінің кәсібилігі мен жауапкершілігіне ерекше құрмет көрсетіліп, олардың елдің санитариялық-эпизоотиялық тұрақтылығын сақтаудағы және агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы маңызды рөлі атап өтілді.
Ветеринарлардың күнделікті еңбегі – тек мал саулығын сақтау ғана емес, халық денсаулығын қорғау мен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі. Сондықтан олардың еңбегін бағалау – қоғамның тұрақты дамуына үлес қосып жүрген мамандарға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.





