Тиісті бұйрыққа 23 маусымда Көлік министрінің міндетін атқарушы қол қойған. Құжатқа сәйкес, Астана – Қарағанды (айналма жолмен) – Алматы I-б санатындағы республикалық маңызы бар автожолдың Бурылбайтал – Күрті учаскесінде ақылы жол жүйесі енгізіледі.
Жаңа ақылы жол учаскесі 1041-шақырымнан басталып, 1121-шақырымға дейін жалғасады. Жалпы ұзындығы – 80 шақырым.
Автожол әр бағытта екі қозғалыс жолағымен жабдықталған.
Жүргізушілер ақылы жолды пайдаланғысы келмеген жағдайда балама бағыттарды таңдай алады. Олар:
- облыстық маңызы бар Сұңқар – Қаншеңгел – Топар – Құйған автожолы;
- Топар – Ақжар автожолы;
- Қонаев – Бақанас – Қараой автожолы;
- республикалық маңызы бар Қонаев – Күрті автожолы.
Жеңіл көлік үшін жол ақысы – 251 теңгеден басталады
Көлік министрлігі бекіткен тарифке сәйкес, жолдың толық бағыты бойынша жүру құны алдын ала немесе кейін төлеу тәсіліне байланысты өзгереді.
Жеңіл автокөліктер үшін:
- алдын ала төлем – 251 теңге (0,0581 АЕК);
- кейін төлем – 290 теңге (0,0671 АЕК).
Ал өзге көлік түрлері үшін тариф көліктің сыйымдылығы мен жүк көтергіштігіне қарай белгіленген:
- 16 орынға дейінгі автобустар және 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 0,1453–0,1699 АЕК;
- 32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 0,2862–0,3354 АЕК;
- 32 орыннан асатын автобустар мен 10 тоннаға дейінгі автопоездар – 0,4270–0,5031 АЕК;
- 10–15 тонна жүк көтеретін жүк көліктері – 0,5746–0,6752 АЕК;
- 15 тоннадан асатын жүк көліктері, тіркемелі көліктер және ершікті тартқыштар – 0,7155–0,8407 АЕК.
Жеңіл автокөліктерден басқа көлік құралдары үшін ай сайынғы абоненттік төлем жүк көтергіштігіне қарай 2-ден 10 АЕК-ке дейін белгіленген.
Сонымен қатар жылдық абонемент сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған.
Жылдық абонемент құны:
- жеңіл автокөліктер үшін – 1 АЕК;
- жүк көліктері үшін – 20-дан 100 АЕК-ке дейін.
Айта кетейік, 2026 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4325 теңге.
Жаңа тәртіп 2026 жылғы 10 шілдеден бастап күшіне енеді.





