Жиында «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру, жемқорлықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланды. Басқосуға комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.
Отырысты ашқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыру мемлекеттік органдар жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамда адалдық пен ашықтық қағидаттарын қалыптастыру алдын алу шараларымен қатар жүргізілуі тиіс.
Жыл басынан бері облыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 73 кездесу ұйымдастырылып, оған 6 мыңға жуық адам қатысқан. Сонымен қатар жүргізілген талдаулар нәтижесінде білім беру және денсаулық сақтау салаларында тауар бағаларын негізсіз көтеру және қажеттіліктен артық көлемде сатып алу фактілері анықталған.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті араласқаннан кейін бұл мәселелер қайта қаралып, нәтижесінде бюджеттен миллиондаған теңге үнемделген.
Өңірде жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 27 кездесу өткізіліп, тұрғындар арасында арнайы байқаулар, ақпараттық акциялар ұйымдастырылып, муралдар салынған.
Комиссия отырысында азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да сараланды. 2025–2030 жылдарға арналған «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы негізінде облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сәйкес жыл ішінде 42 ірі ақпараттық және профилактикалық іс-шара өткізу жоспарланған.
Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 42 мыңнан астам материал жарияланған. Сондай-ақ өңір бойынша «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау үшін 72 билборд, 24 баннер және 20 LED экран орнатылып, Қонаев қаласындағы тұрғын үйлерге 700-ге жуық ақпараттық парақша ілінген.
Жиында Іле ауданында жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары да қаралды. Ауданда тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тоғыз іс-шара ұйымдастырылып, 780 ақпараттық кітапша таратылған.
Сонымен бірге ауданның кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, мәдениет және тілдерді дамыту, жер қатынастары, ішкі саясат және жұмыспен қамту бөлімдерінде жүргізілген ішкі талдау нәтижесінде алты сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталған. Қазір оларды жою бойынша нақты шаралар қабылданып жатыр.
Жиын соңында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мемлекеттік органдарға ішкі талдаулардың сапасын арттыру, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету және мүдделер қақтығысының алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.





