Отырысқа Алматы облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева, Алматы облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова және сала мамандары қатысты.
Комиссия отырысында балалар мен жасөспірімдердің психоэмоционалдық жай-күйін ерте кезеңде бағалау, дағдарыстық жағдайлардың алдын алу және психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері негізгі тақырыптардың бірі болды.
Қатысушылар суицидтік тәуекелдердің алдын алу үшін қауіп факторларын дер кезінде анықтау және психологиялық қолдауды қажет ететін азаматтарды үздіксіз сүйемелдеу маңызды екенін атап өтті.
Бұл бағытта Облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары аудан-қалаларда көшпелі консультациялық жұмыстар жүргізіп келеді. Мамандар дағдарыстық жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға психологиялық қолдау көрсетумен қатар, медициналық және білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне әдістемелік көмек береді. Сондай-ақ мамандардың кәсіби құзыретін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Жиында тұрғындарға психологиялық көмек көрсету тетіктерін жетілдіруге де назар аударылды. Атап айтқанда, сенім телефондары мен цифрлық байланыс арналарының тиімділігін арттыру, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Комиссия мүшелері психологиялық көмекке мұқтаж адамдарды ерте анықтау ғана емес, оларға қажетті қолдаудың уақтылы әрі жүйелі көрсетілуі маңызды екенін атап өтті.
Отырыста білім беру ұйымдарындағы профилактикалық шараларға ерекше басымдық берілді. Қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру, буллингтің алдын алу, педагогтер, ата-аналар мен оқушылардың психологиялық сауаттылығын арттыру негізгі міндеттердің қатарында аталды.
Сонымен бірге балалардың эмоционалдық жағдайындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, қажетті психологиялық қолдау көрсету қажеттігі айтылды. Бұл бағыттағы жұмысқа мектеп психологтерімен қатар педагогтер мен ата-аналарды да белсенді тартудың маңызы атап өтілді.
Жиын қорытындысында суицидтің алдын алу бір ғана саланың міндеті емес, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен әрі үйлесімді іс-қимылын қажет ететін маңызды бағыт екені айтылды.
Медициналық және білім беру ұйымдарының, психологтердің, әлеуметтік қызметтердің, құқық қорғау органдарының, ата-аналар мен жұртшылықтың өзара ықпалдастығын күшейту өңір тұрғындарының, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің өмірі мен психикалық саулығын қорғауда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.





