Салтанатты жиында спорт саласының дамуына үлес қосқан ардагерлер мен мамандар марапатталды. Оларға медальдар мен төсбелгілер табысталып, бірқатар сала қызметкері Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды.
Шара барысында XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алған Андрей Самаринге ерекше құрмет көрсетілді.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев чемпионға Алатау қаласындағы «Gate City» тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтердің сертификаты мен кілтін табыстады.
«Сурдлимпиада чемпионы атану үшін көп еңбек еттім, талай сынақтан өттім. Ал енді өз пәтерімнің кілтін қолыма алу – мен үшін үлкен қуаныш, ерекше сезім. Спортшыларға осындай қолдау көрсетіп отырған облыс басшылығына шын жүректен алғыс айтамын. Енді бұдан да жақсы нәтижеге жетіп, Алматы облысы мен Қазақстанның атын халықаралық жарыстарда танытуға бар күшімді саламын», – деді Андрей Самарин.
Спорт саласына 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
Биыл Алматы облысында спорт саласын дамытуға 20 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Соңғы үш жылда өңірде 10 спорт кешені салынды.
Қазіргі уақытта Кеген, Жамбыл, Ұйғыр, Райымбек және Еңбекшіқазақ аудандарында тағы бес спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, 12 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген.
Бүгінде облыста тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен айналысуына арналған 1 232 нысан бар. Сондай-ақ биыл 225 спортшы облыс әкімінің стипендиясын алады.
«Жыл басынан бері спортшыларымыз 1 179 медаль жеңіп алды, оның 423-і – алтын. Бұл – олардың табандылығы мен жаттықтырушылардың еңбегінің нәтижесі. Жас және үздік спортшыларға қолдау көрсетіп, жетекші спортшылар мен сала мамандарын баспанамен қамтамасыз етуге де көңіл бөліп отырмыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Жаңа спорт нысандары салынып жатыр
Өңірде жеке инвестиция есебінен спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жүргізілуде. Балқаш ауданының Бақбақты ауылында инвестор қаржысына салынған спорт нысаны биыл мемлекет меншігіне берілді.
Талғар қаласында «KFF Academy by Almaty International Airport» футбол академиясының құрылысы басталды. Мұнда Қазақстан футбол федерациясы заманауи стадион салуды жоспарлап отыр.
Алда өңір спортшыларын бірнеше ірі халықаралық дода күтіп тұр. Алматы облысының 16 спортшысы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының алдын ала тізіміне енген.
Сондай-ақ 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы сапында Алматы облысының 20 өкілі өнер көрсетеді.
Олардың қатарында Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Демеу Жадраев, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы және стенд атудан Әлем кубогының жеңімпазы Асем Орынбай, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында еркін күрестен әлем чемпионы Едіге Қасымбек және WT таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионы Бейбарыс Қаблан бар.
Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту, кәсіби спортшыларды қолдау және тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.





