Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа автоматтандырылған мониторинг стансаларын іске қосып, шалғайдағы бақылау бекеттерін заманауи модульдік үйлермен және спутниктік байланыспен жабдықтап жатыр.
Министр генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы облысының биік таулы аудандарындағы сел қаупін мониторингілеу және ерте ескерту жүйесінің жұмысымен танысты.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі — биік таулы бақылау бекеттерін автономды тұрғын модульдермен жабдықтау. ТЖМ басшысы Талғар өзені бассейніндегі мореналық көл маңында орналасқан бақылау бекетінің жаңа модульдік үйін ашты.
Жаңа модуль «Қазселденқорғау» мекемесінің жарылу қаупі бар мореналық көлдерді бақылайтын маусымдық қызметкерлеріне арналған. Ол биік таулы жағдайларға бейімделген және жылу оқшаулағышпен, жұмыс пен демалысқа қажетті жабдықтармен, сондай-ақ ұзақ уақыт тұруға арналған тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етілген.
Автономды жұмыс істеу үшін күн панельдері мен аккумуляторлық жүйелер орнатылған. Сонымен қатар бекет Starlink спутниктік байланыс жүйесімен жабдықталды. Бұл шалғай және жетуі қиын аумақтарда да интернетке тұрақты қосылып, бақылау нәтижелерін нақты уақыт режимінде беруге мүмкіндік береді.
ТЖМ мәліметінше, тамыз айының ортасына дейін Алматы қаласы мен Алматы облысының биік таулы аймақтарындағы маусымдық бақылау бекеттеріне тағы 11 жылытылған модульдік үй орнату жоспарланған.
Сонымен қатар Талғар өзені бассейнінде төрт автоматтандырылған мониторинг стансасы іске қосылды.
Бұл стансалар гидрологиялық көрсеткіштерді үздіксіз бақылап, сел үдерістерінің туындау қаупін жедел анықтауға арналған. Жабдықтар су деңгейін, сел қаупі бар өзен арналарының жағдайын және жарылу қаупі бар мореналық көлдерді нақты уақыт режимінде бақылап отырады.
Стансаларды орнату ЮНЕСКО қолдауымен және Бейімделу қорының қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан GLOFCA халықаралық жобасы аясында жүргізілуде. Жобаның мақсаты — климаттың өзгеруі жағдайында мұздық көлдердің жарылу қаупін төмендетіп, биік таулы аумақтарда заманауи мониторинг пен ерте ескерту жүйесін қалыптастыру.
Жұмыс сапары барысында министр Талғар өзені бассейніндегі №19 мореналық көлде жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарымен де танысты. Мұнда су деңгейін төмендетуге арналған сифондық жүйелер іске қосылған.
ТЖМ қабылданып жатқан шаралар сел қаупіне байланысты төтенше жағдайлардың алдын алуға, сондай-ақ халықтың, инфрақұрылым нысандарының және сел қаупі жоғары аумақтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын хабарлады.





