Жалын қысқа уақыт ішінде ғимаратты толықтай шарпығанымен, адам шығынына жол берілген жоқ.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 27 маусым күні «101» қызметіне Талғар ауданы Белбұлақ ауылы, Жібек жолы көшесіндегі №18 мекенжайда орналасқан сегіз пәтерлі тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар түскен.
Ведомств шақырту түскен сәтте өңірдегі өртке қатысты жағдай күрделі болғанын айтады. Талғар ауданының өрт сөндіру бөлімшелері бір мезгілде бірнеше шақырту бойынша жұмыс істеп жатқан.
Сондай-ақ, өрт туралы хабардың кеш берілуі салдарынан алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде жалпы аумағы шамамен 500 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйді жалын толықтай шарпып үлгерген.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, оттың жылдам таралуына қатты желдің соғуы және ғимараттың шпалдан, қамыс-қаңқалы әрі кірпіш конструкциялардан салынуы әсер еткен. Осыған байланысты оқиға орнына жоғары шақырту дәрежесі жарияланып, қосымша күштер мен арнайы техника жұмылдырылды.
Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің нәтижесінде жалын қысқа уақытта оқшауланып, көршілес нысандарға таралуына жол берілмеді. Кейін өрт толықтай сөндірілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда тұрғын үйдің шатыры түгелдей отқа оранып, қою қара түтіннің аспанға көтерілгені көрінеді.





