Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мерекеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан Республикасы мен өзге де елдерден 35 мыңға жуық қонақ келеді деп күтілуде.
Қымызмұрындық – қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан көне дәстүрлерінің бірі. Бұл мереке халқымыздың қонақжайлылық, жомарттық, бірлік пен ынтымақ секілді асыл құндылықтарын дәріптейді. Сонымен қатар ұлттық мәдениетті насихаттап қана қоймай, өңірдегі туризмді дамытуға да серпін береді.
Қарқара жайлауында бұл мереке бұған дейін төрт мәрте өткізілген. Өткен жылы шараға 8 мыңнан астам адам қатысып, 40 киіз үй тігілген болатын. Сондай-ақ мерекеге 250-ге жуық шағын және орта бизнес өкілі тартылды. Биыл ұйымдастырушылар ауқымдырақ дайындық жүргізіп, 80-нен астам киіз үй тігуді жоспарлап отыр. Келушілер саны да бірнеше есеге артады деп күтілуде.
Мереке аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен қазақ халқының мәдени мұрасы кеңінен насихатталады. Қонақтарға қолөнер шеберлерінің көрмесі ұсынылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.
Атап айтқанда, ат бәйгесі, қазақ күресі, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату және қой көтеру секілді сайыстар өтеді. Сонымен қатар көрермендер «Топжарған» этно-өнер орталығының арнайы шоу бағдарламасын, «Толағай» өнер орталығының қойылымдарын және облыс өнерпаздары мен танымал эстрада жұлдыздарының концертін тамашалай алады.
Жастар үшін алтыбақан құрылып, арқан тартыс, қол күрес және басқа да ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Ал балаларға арналған арнайы аймақта аттракциондар, қуыршақ театры, қолөнер сабақтары, сурет салу байқаулары, шахмат және тоғызқұмалақ жарыстары өткізіледі.
Қазіргі уақытта Қарқара жайлауында мерекеге дайындық қызу жүріп жатыр. Ұйымдастырушылар бәйге алаңдарын ретке келтіріп, көрермендерге арналған орындарды әзірлеуде. Сондай-ақ қонақтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті ұйымдастыру шаралары қолға алынған.





