Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының мәліметінше, бүгінде Алматы облысында жалпы аумағы 69 мың гектардан асатын 20-дан астам экопарк жұмыс істейді. Алдағы жылдары олардың қатары жаңа рекреациялық және туристік аймақтармен толықтырылады.
Ірі жобалардың бірі – аумағы 10 гектарды құрайтын «Барыс» экопаркі. Жобаның жалпы құны шамамен 1,5 миллиард теңге. Болашақта парк аумағында 7 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, өңірде жеке инвесторлардың қаржысы есебінен тағы екі ауқымды жоба іске асырылуда. Солардың бірі – аумағы 5,5 гектар болатын «Tal Resort» экопаркі. Құрылысқа шамамен 5 миллиард теңге инвестиция салынады. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңді 2026 жылдың соңында аяқтау көзделсе, нысан толықтай 2027 жылы пайдалануға беріледі.
Одан бөлек, жалпы аумағы 8,5 гектар болатын «Aykan Resort» экопаркінің құрылысы жүргізілуде. Жобаның құны 5 миллиард теңгені құрайды. Демалыс аймағын 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Өңірде экотуризмді дамыту бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. 2027–2028 жылдары тағы екі ірі жоба іске асырылады. Атап айтқанда, «Көшпенділер» экопаркіне шамамен 700 миллион теңге, ал «Орталық саябақ» жобасына 10 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген.
Мамандардың айтуынша, жаңа экопарктердің салынуы өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, жасыл аймақтардың көлемін ұлғайтуға, қоршаған ортаны жақсартуға және тұрғындардың сапалы демалысына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.





