Жаңғырту жұмыстары аясында өрт сөндіру бөлімінің қызметтік үй-жайлары жөнделіп, іргелес аумағы абаттандырылды. Негізгі назар құтқарушылардың еңбек жағдайын жақсартуға, олардың кәсіби дайындығын арттыруға және кезекшіліктен кейін тынығуына қажетті инфрақұрылым қалыптастыруға аударылды. Әсіресе, жеке құрамның дене даярлығын жетілдіруге ерекше мән берілген. Бөлім аумағында заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген Batyr Team фитнес залы ашылды. Сонымен қатар жаттығулар мен командалық спорттық іс-шараларды өткізуге арналған футбол алаңы салынды.
Жаңа спорт нысандары өрт сөндірушілердің дене дайындығын тұрақты түрде жетілдіруіне, кәсіби жаттығулар өткізуіне және тәуліктік кезекшіліктен кейін күш-қуатын қалпына келтіруіне мүмкіндік береді.
Ашылу салтанатында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов пен облыс әкімі Шыңғыс Әрінов атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысты. Олар жаңартылған қызметтік бөлмелерді, құтқарушыларға жасалған тұрмыстық жағдайларды және спорттық инфрақұрылымды аралап көрді.
Өрт сөндіру бөлімін жаңғырту Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғау саласындағы инфрақұрылымды дамыту және бөлімшелердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстары аясында жүзеге асырылды.





