Фестиваль барысында келушілерге өріктің түрлі сорттары мен одан өндірілген өнімдер ұсынылды. Сондай-ақ омарта шаруашылығы өнімдерінің, қолөнер бұйымдарының және тарихи жәдігерлердің көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шара аясында «Өрік бақтары – өңір байлығы, халық берекесі» тақырыбында ғылыми конференция өтіп, сала мамандары бақ шаруашылығын дамыту, өнім сапасын арттыру және саланың болашағы жөнінде пікір алмасты.
Шонжы ауылдық округінің орталық стадионында өткен фестиваль өңірдің аграрлық әлеуетін насихаттауға, бақ шаруашылығын дамытуға және туристік тартымдылығын арттыруға бағытталды.
Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хатын оқып берді.
«Алматы облысында ауыл шаруашылығына қолайлы аймақтардың бірі – Ұйғыр ауданы. Бүгінде аудан табиғи өнімдерді өндірумен ғана емес, оларды сыртқы нарыққа шығарумен де ерекшеленіп отыр. Бірқатар кәсіпорындар өрік өнімдерін шетелге экспорттауда. Бұл өңір экономикасының дамуына және туризмнің жандануына серпін береді. Ал өнім сапасын арттыруға арналған ғылыми конференцияның ұйымдастырылуы – саланың болашағы үшін маңызды қадам», – делінген құттықтау хатта.
Қазіргі уақытта Алматы облысы республикадағы өрік өндірісі бойынша көш бастап тұр. Қазақстан бойынша өндірілетін 39 мың тонна өнімнің шамамен 27 мың тоннасы немесе 70 пайызға жуығы облыс үлесіне тиесілі.
Өңірдегі жеміс бақтарының жалпы көлемі 10 мың гектарға жуық болса, оның 46 пайызы өрік алқаптары. Ұйғыр ауданында ғана 3200 гектарға жуық жерде өрік өсіріледі. Бақ шаруашылығымен 542 шаруа қожалығы айналысады.
Биыл аудандағы 1098 гектар алқаптан 10 431 тонна өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 95 центнерді құрады. Оның 7800 тоннадан астамы ішкі нарыққа жөнелтілсе, 2600 тоннасы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға экспортталған.
Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізованың айтуынша, өрік бүгінде ауданның ресми брендіне айналған.
«Фестиваль бақ шаруашылығымен айналысатын азаматтарға өз өнімдерін кеңінен таныстыруға, өткізу нарығын кеңейтуге және өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік береді», – деді аудан әкімі.
Өрік өсірумен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқан «Илтыз» шаруа қожалығының басшысы Армидин Таиров Қарадала өңірінің табиғи ерекшеліктері бұл саланы дамытуға қолайлы екенін айтады.
«Біз әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп көрдік. Бірақ ең тиімдісі өрік болып шықты. Қазіргі таңда өзіміз өсірген көшеттерді облыстың басқа аудандарына да жөнелтеміз. Қарадалада өсірілген ағаштар он жылдың тоғыз жылында өнім береді. Бұл өте жоғары көрсеткіш», – дейді бағбан.
Фестивальге қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар жергілікті өнімдерді насихаттауға және ауыл кәсіпкерлерінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Өрік шаруашылығында ара өсірудің де маңызы зор. Ұйғыр ауданының омарташысы Таңатар Әбдікерім аралардың бақ өнімділігін арттырудағы рөлін ерекше атап өтті.
«Бір ара күніне 5 мыңнан 10 мыңға дейін өрік гүліне қона алады. Сондықтан бағбандар мен омарташылардың бірлескен жұмысы өнім көлемін арттырудың негізгі факторларының бірі», – деді ол.
Ғылыми конференция барысында ғалымдар өнім көлемі мен сапасын арттыруға арналған зерттеулерін таныстырып, бағбандардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар бақ шаруашылығын зерттейтін ғылыми институттармен ынтымақтастық орнату мәселесі талқыланды.
Шара барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және бау-бақша шаруашылығын дамытуға үлес қосқан бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Фестиваль эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен аяқталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өрік фестивалі мен ғылыми конференция алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасады. Сонымен қатар, ауданда жеміс-жидек сақтайтын заманауи қоймалар мен өңдеу кәсіпорындарының инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ Түркиядан әкелінген жоғары өнімді өрік сорттарын жерсіндіру жұмыстары қолға алынбақ.





