Талғар ауданына қарасты Нұра ауылының тұрғыны №12 мектептің мұғалімін 8 жастағы ұлына ұзақ уақыт бойы физикалық және психологиялық қысым көрсетті деп айыптап отыр. Баланың анасының айтуынша, педагог бұл әрекеттерін ақылы қосымша сабақтармен байланыстырған. Сонымен қатар ол мұғалімнің өзге оқушыларға да қол көтергенін мойындағанын мәлімдеді.
Жәбірленуші тарап бірнеше ай бойы әділдік іздеп жүргенін айтады. Анасының сөзінше, ол құқық қорғау органдарына бірнеше рет шағым түсірген. Алайда учаскелік полицей тарапынан тиісті тергеу жүргізілмегенін, кейбір дәлелдер іс материалдарына тіркелмегенін және отбасына арыздан бас тарту үшін қысым жасалғанын алға тартты.
Осы жағдайға қатысты Алматы облысының прокуратурасы ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, қылмыстық іс процестік негіздерге байланысты тоқтатылған. Дегенмен, аталған оқиғадан кейін 2025 жылдың ақпан айында мұғалім қызметінен босатылған.
Отбасының адвокаты бұл шешіммен келіспейтінін айтып, істі тоқтату туралы қаулыға шағым түсіруді және қайта сараптама жүргізуді талап етуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Аталған жағдай Қазақстандағы бала құқығын қорғау, педагогтардың жауапкершілігі және құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігі мәселесін қайтадан қоғам талқысына шығарды.





