Негізгі мерекелік жиын Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта өтті. Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
Аймақ басшысы өз сөзінде мемлекеттік қызмет елдің тұрақтылығы мен дамуының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстандағы басқару мәдениетінің тамыры тереңде жатқанын айтып, қазіргі мемлекеттік жүйенің тарихи сабақтастығына тоқталды.
«Мемлекеттік қызметшінің ең үлкен марапаты – жоғары шен немесе лауазым емес, ол – халықтың алғысы мен шынайы сенімі. Әрбір қабылданған шешімнің артында азаматтардың тағдыры мен мемлекеттің беделі тұрғанын ұмытпауымыз қажет», – деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің мәліметінше, бүгінде Алматы облысында 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Оның 2,5 мыңға жуығы жергілікті атқарушы органдарда тұрғындармен тікелей жұмыс жүргізуде. Қызметкерлердің 52 пайызын әйелдер құраса, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 40 пайызға жетеді.
Өңірдегі мемлекеттік қызмет саласында жоғары білікті мамандардың қатары да артып келеді. Қазіргі уақытта жүйеде магистратура мен докторантураны тәмамдаған 182 қызметкер, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектері және халықаралық Болашақ халықаралық бағдарламасы бойынша білім алған мамандар жұмыс істейді.
Сонымен қатар, облыста мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік қолдау бағытындағы бастамалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Алатау жастары» бағдарламасы аясында жеңілдетілген ипотека беру және басқа өңірлерден келген мамандарға тұрғын үй төлемдерін қарастыру тетіктері енгізілген.
Мерекелік жиында кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі арқылы ерекшеленген қызметкерлер «Үздік мемлекеттік қызметші», «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілерімен, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Марапат иелерінің бірі – облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы Гүлнар Жорабаева. Ол мемлекеттік қызмет саласында 20 жылдан астам еңбек етіп келеді.
«Алматы облысы қайта құрылған кезде Қонаев қаласына алғашқылардың бірі болып келдік. Содан бері өңірдің дамуына өз үлесімізді қосып келеміз. Бұл марапат мен үшін үлкен жауапкершілік әрі еңбегіме берілген баға деп білемін», – деді ол.
Салтанатты шара барысында театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, мемлекеттік қызметтің қоғамдағы маңызы кеңінен насихатталды. Мерекелік кеш қазақстандық өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Айта кетейік, Мемлекеттік қызметшілер күні жыл сайын 23 маусымда аталып өтеді. Бұл күн мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және халыққа сапалы қызмет көрсетуге үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін дәріптеуге арналған.





