Шара барысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев медициналық ұйымдарға 70 санитариялық жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстап, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Өңір басшысы соңғы жылдары облыстың денсаулық сақтау жүйесінде оң өзгерістер байқалып отырғанын атап өтті.
«Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің арқасында денсаулық сақтау саласы нақты нәтижелерге қол жеткізді. Соңғы үш жылда облыс тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін артты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша нәресте өлімі 25,5 пайызға төмендеді. Бұл – ең алдымен ақ халатты абзал жандардың қажырлы еңбегінің жемісі», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Соңғы жылдары Алматы облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылы жалпы құны 8,3 миллиард теңгені құрайтын 38 медициналық нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт бар.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, 347 бірлік заманауи медициналық техника сатып алынған. Нәтижесінде өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің жабдықталу деңгейі 93 пайызға жетті.
Мерекелік жиында денсаулық сақтау саласының үздік өкілдеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды. Балқаш аудандық орталық ауруханасының неонатолог дәрігері Қарылғаш Тәжібаева мен Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының педиатр дәрігері Зорям Юсупова «Құрмет» орденімен марапатталды.



Сондай-ақ бірқатар медицина қызметкерлері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілеріне, министрлік пен облыс әкімінің Құрмет грамоталарына ие болды.
Бұдан бөлек, «Үздік стационар дәрігері», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік денсаулық сақтау менеджері», «Үздік жедел медициналық көмек дәрігері» сынды 12 номинация бойынша жылдың үздік мамандары анықталды.
Салтанатты шараның маңызды оқиғаларының бірі – өңірдің жедел медициналық жәрдем қызметіне жаңа санитариялық көліктерді табыстау рәсімі болды. Лизингтік тетік арқылы сатып алынған 70 көліктің 30-ы реанимобиль санатына жататын «С» класты арнайы техника болса, қалған 40 көлік «В» санатындағы жедел жәрдем машиналары. Барлығы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Осылайша, биыл Алматы облысының жедел медициналық жәрдем қызметі үшін сатып алынған 90 санитариялық автокөліктің барлығы пайдалануға берілді. Оның 20-сы жыл басында медициналық ұйымдарға тапсырылған болатын.
Мамандардың айтуынша, жаңа автокөліктер шалғай елді мекендердегі тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, шұғыл шақыртуларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасып, медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.





