Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, эпидемиологиялық маусым басталғалы бері кене шағуына байланысты 948 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Былтыр осы уақытта 449 жағдай тіркелген.
Мамандарды әсіресе балалар арасындағы көрсеткіш алаңдатып отыр. Зардап шеккендердің 559-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл барлық тіркелген жағдайдың 59 пайызын құрайды.
Сала мамандары кене белсенділігінің артуын көктемнің ерте келуі және қолайлы ауа райымен байланыстырады. Айтуынша, көбіне кене шағу табиғат аясындағы демалыс, бау-бақша жұмыстары және орман-саябақ аумақтарында серуен кезінде тіркеледі.
Мамандар кенелер қауіпті жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы екенін ескертеді. Олардың қатарында кене энцефалиті, боррелиоз, кене сүзегі және туляремия бар.
Дәрігерлердің айтуынша, кене шаққаннан кейін 1-30 күн ішінде дене қызуының көтерілуі, қатты бас ауруы, әлсіздік, бұлшықет ауыруы, мойын бұлшықеттерінің сіресуі, құсу және жарыққа сезімталдық секілді белгілер пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Мамандар кене денеге жабысқан жағдайда 72 сағаттан кешіктірмей медициналық мекемеге қаралуға кеңес береді. Бұл шұғыл профилактика жүргізуге және ықтимал жұқтыру қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ тұрғындарға табиғатқа шыққанда жабық, ашық түсті киім киіп, репеллент қолдану және өзін-өзі жиі тексеріп тұру ұсынылды.
Санитариялық дәрігерлер қарапайым сақтық шараларын сақтау кене арқылы таралатын қауіпті инфекциялардың алдын алуға көмектесетінін атап өтті.





