Бұл туралы Алматы облысында өткен әскери ант қабылдау рәсімінде белгілі болды. Салтанатты шара барысында 80-нен астам жас сарбаз Отанға адал қызмет етуге ант берді. Іс-шараға ардагерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері және әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақындары қатысты.
Ант қабылдау рәсімінен кейін қонақтарға әскери бөлімнің аумағы таныстырылып, сарбаздардың қызмет ету жағдайлары көрсетілді.
Аталған әскери бөлімде бүгінде Sarbaz+ инновациялық пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба мерзімді әскери қызметті ұйымдастырудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған. Оның аясында сарбаздар әскери машықтармен қатар заманауи цифрлық технологияларды меңгеруге мүмкіндік алады.
Бағдарламаға бағдарламалау негіздері, киберқауіпсіздік, дрондарды басқару және цифрлық платформалармен жұмыс істеу курстары енгізілген. Оқыту барысында виртуалды шынайылық (VR) тренажерлары мен арнайы цифрлық жүйелер пайдаланылады.
Мамандардың пікірінше, мұндай тәсіл әскери қызметтің тартымдылығын арттырып қана қоймай, жастардың азаматтық өмірде де сұранысқа ие заманауи мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндік береді.
Мерзімді әскери қызметші Дәурен Жақай әскери ант қабылдау өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі екенін атап өтті.
«Бүгін менің өмірімдегі ең маңызды күндердің бірі. Біз бұл күнге ұзақ уақыт дайындалдық. Барлық сарбаздарды осы маңызды оқиғамен құттықтаймын. Алдымызда үлкен жауапкершілік жүктелген жаңа кезең тұр, біз оны абыроймен өткеруге тырысамыз», – деді ол.
Алматы облысының тұрғыны Жанат Жүнісбекова да әскери бөлімдегі жағдайларға оң бағасын берді.
«Балаларымыз қызмет ететін әскери бөлімнің жағдайымен таныстық. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Әскери ант қабылдау рәсімі де өте әсерлі өтті. Ұлдарымыз өздерінің азаматтық борышын абыроймен атқарады деп сенеміз», – деді ол.
Сарапшылардың айтуынша, әскери дайындықты цифрлық технологиялармен ұштастыру қорғаныс саласын жаңғыртуға және жастардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.





