Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және отандық өндірісті дамыту бағытындағы инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – мал шаруашылығы дамыған Кеген ауданында ашылған жаңа ет өңдеу кешені. Заманауи технологиялармен жабдықталған кәсіпорын жергілікті шаруашылықтардан алынатын шикізатты өңдеп, дайын өнімді ішкі нарыққа жеткізуге бағытталған. Зауытта жартылай фабрикаттардың 20 түрін өндіру жолға қойылған.
Жобаның басты ерекшелігі – мал өсірушілерге өз өнімдерін аудан аумағында өткізуге мүмкіндік беруі. Бұл шаруалардың малды алыс өңірлерге тасымалдауға жұмсайтын шығынын азайтып, жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарыққа шығуына жағдай жасайды.
Жаңа зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне 10 тонна ет өңдеуге есептелген. Кәсіпорында ірі қара, ұсақ мал және жылқы етін өңдеу қарастырылған. Өндірістік кешенде күніне 120 бас ірі қара, 100 бас ұсақ мал және 20 бас жылқыға қатысты өндірістік жұмыстар жүргізіледі.
Зауытта дайындалған өнімдер ірі сауда желілері мен өндірістік цехтарға жөнелтіледі. Сонымен қатар кәсіпорында қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және мамандарды оқыту жұмыстары ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта өндіріс орнында 50-ге жуық жергілікті тұрғын еңбек етеді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы аудан халқының тұрақты табыс табуына және өңірдегі жұмыспен қамту көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етпек.
Зауыттың салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, аудан басшылығы, кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, кәсіпорын қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Өңір басшысы жаңа өндіріс орнының Кеген ауданы үшін экономикалық маңызы зор екенін атап өтті.
«Заманауи кешеннің басты артықшылығы – тұрғылықты азаматтар малын шалғайға тасымай-ақ, өз елді мекенінің аумағында бордақылап, тиімді шарттармен өткізе алады. Сондықтан өз тарапымыздан осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жаңа инвестициялық жобаларға қажетті жағдай жасауымыз қажет. Жаңа ет комбинаты Кеген ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады деп сенеміз», – деді Шыңғыс Әрінов.
Облыс әкімінің айтуынша, өңдеу өнеркәсібін дамыту ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттырып, жергілікті кәсіпкерлердің өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
«КегенМясПром» ЖШС директоры Светлана Козубакованың айтуынша, кәсіпорынды дәл осы ауданда орналастыру туралы шешім өңірдің табиғи ерекшеліктері мен мал шаруашылығына қолайлы жағдайына байланысты қабылданған.
Кеген ауданының кең жайылымдары мен шүйгін шөпті алқаптары мал өсіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын басшысы жергілікті шаруашылықтарда өсірілген малдың ет сапасы жоғары екенін атап өтті.
«Бұл жақтың табиғаты мал өсіруге өте қолайлы. Жайлаудың шүйгін шөбін жеп өскен малдың еті өте дәмді әрі экологиялық таза болады. Жаңа кәсіпорын толығымен заманауи жабдықтармен қамтылған. Мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп, техника сатып алуға субсидия берілді. Алдағы уақытта өндіріс ошағының жанынан 5 000 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Светлана Козубакова.
Жоспарланған бордақылау алаңы іске қосылған жағдайда кәсіпорынның шикізат базасын кеңейтуге және мал өсірушілермен тұрақты өндірістік байланыс орнатуға мүмкіндік туады.





